19.04.2021, 00:19

Асхат Аймағамбетовтің шетел агенті екені рас па?

Фото: tengrinews.kz
2014 жылы шетелдік ұйымдар қаржыландыратын шетелдік агенттер тізіміне кірген.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жеке сыншысына айналып үлгерген атышулы Анар Қайырбекова тағы бір шулы мәлімдеме жасады. Экс-шенеунік Қайырбекова ханым бұл жолы Асхат Аймағамбетовке шетелдің агенті деп айып таққан, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы.

Оның айтуынша, Асхат Аймағамбетов шетелдің арнайы агенттер даярлайтын мектебін бітірген. 

«Асхат Аймағамбетов Мәскеудің «Саяси зерттеулер мектебі» атты оқу орнын тәмәмдаған. Бұл оқу орны шетелдік агенттер даярлайтын мектеп деп танылған. Асхат Аймағамбетов өмірбаянында атақты Сорос қаржыландыратын бұл оқу орнында оқығандығы туралы ақпаратты барынша жасырып қалғысы келеді. «Мәскеу саяси зерттеулер мектебі» 2014 жылы шетелдік ұйымдар қаржыландыратын шетелдік агенттер тізіміне кірген. Бұл оқу орны шетелерде төңкеріс жасауға қатысы бар жекелеген қорлардың есебінен жұмыс істейді.

Атап айтсам, бұл оқу орнының түлектері Грузия, Украина және Беларусиядағы мемлекеттік төңкерістер мен революцияларға қатысы бар болғаны расталды. 

2021 жылдың қаңтарында Асхат Аймағамбетов білім алған «Мәскеудің Саяси зерттеулер мектебі» ресейде конституциялық құрылымға қауіп төндіретін оқу орны ретінде арнайы тізімге енгізілген. Ресей Бас прокруратруасының шешімімен 2020 жылдан бері  Еуропалық Кеңес жанындағы «Мәскеу Саяси зерттеулер мектебі» оқу орнының барлық интернет ресурстары қауіпті ақпарат тарататын болғандықтан Ресей аумағында бұғатталған», - деп атап өткен Анар Қайырбекова.

Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы қызметкері Анар Қайырбекова өзінің бұл пікірін stanradar.com сайтына берген сұқбатында айтқан. Facebook желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» тобында аталмыш сұқбаттың қазақша аудармасы жарияланған. 

Қайырбекова сонымен қатар, осы мәселе бойынша Елбасы Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаевтың атына арнайы хат жазып, тексеруге алуға өтініш жасағанын айтқан. 

«Осыған байланысты мен өткен аптада Қауіпсіздік кеңесінің басшысына (Н. Назарбаев) Асхат Аймағамбетовке қатысты барлық күдікті тексеру туралы өтініш жолдадым. Мен аталған фактілер бойынша және министрмен жұмыс істеген адам ретінде барлық өзім білетін деректерді көрсетіп Қауіпсіздік Кеңесі мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш хат жолдадым. Қалған жұмыстармен Ұлттық Қауіпсіздік қызметі айналысуы керек деп есептеймін. Ресей федерациясының құпия органдары да бұл фактілерді тексереді деп ойлаймын», - деп атап өткен өзінің сұқбатында. 

Естеріңізде болса, Қайырбекова бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті 2009 жылы қорғап шыққан докторлық диссертациясына он жылдан кейін өзгертулер енгізді деп айыптаған болатын.