$ 494.87  520.65  4.91

«Мұхтар Тайжанның сөзі күдік тудырады» - журналист

Ұзын сөздің қысқасы биліктің «Құнарсыз жер орман үшін сатылады» деген сөзіне сенім жоқ. Бір қызығы осыған Мұхтар Тайжанның сеніп отырғаны күдік тудырады.

Жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға тыйым салу мәселесі бойынша нақты шешім қабылданып, арнайы заң жобасы Мәжілістің мақұлдауынан өтіп, Сенаттың қарауына жіберілгені белгілі. Алайда соған қарамастан кейбір қоғам белсенділері мен ұлт жанашырлары әлі де алаңдаушылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Олардың айтуынша, Жер кодексінде ұлт қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұтастығына қауіп-қатер төндіретін баптар әлі дер бар. Бірақ оны біреулер жұрттан жасырып, бүркемелеп қалуға тырысып жатыр. Мәселен, журналист Серік Жолдасбай соңғы уақыттарда тұрақты түрде жер мәселесімен айналысып жүрген кейбір азаматтардың ісінде бір шикілік барын айтқан. Оның айтуынша кейбірінің сөзі мүлдем күдік тудырады.

«Әу баста "Билік жер мәселесін халық талабына сай шешкісі келсе, онда жер комиссиясының түкке де керегі жоқ" деп жазғанмын. Өйткені ҚР Парламенті Мәжілісі бұл істі біржола шешіп тастауы тиіс болатын. Ал енді не болып жатыр?

Билік субаренданы заңдастыруға неге жан алысып жатыр? Егер Қазақстан азаматына жер сатылатын болса, онда ол оны шет елге қайта сататыны белгілі. Сондықтан субаренданы биліктің кезекті қақпаны деп түсінуіміз керек. Мұны көтеріп жүрген  Алмасбек Садырбаевты билік «қарапайым шаруа» деп алдын ала дайындаған секілді. Жерді сатуды билік емес, шаруа көтеріп отыр деп айту үшін.

Екінші құнарсыз жерді шет елдіктер 25 жылға жалға алып, орман өсіріп беруге неге құлшынып отыр? Қазақтың жері тозбасын деп қытай ақ тер, көк тер болып орман өсіреді дегенге ешкім сенбейді. 

Бір қызығы осыған Мұхтар Тайжан сенетін тәрізді. Мұқаң «Мемлекеттік ормандар мен көлдер жекеге ЕШКІМГЕ сатылмайды, ал шетелдіктерге жалға да берілмейді» дейді де «Кей шетелдік компаниялардың (мұнаймен айналысатын мысалы) Қазақстанда рекультивация жасау - міндет. Сонда олар бізге жаңа ағаштарды егіп береді. Егіп берсін, жердің меншігі бәрібір мемлекеттікі ғой. Ағаштар да біздің жерімізде қалады» дейді.

Бес жылдан бері жер мәселесімен айналысып жүрген азаматтың сөзі ме бұл? Егер шет елдік компания орман еккіш болса, неге ол жерді 25 жылға жалға алу керек? Билік белгілі бір жерді көрсетіп «Мына жерге ағаш егіңдер» деп айтса жеткілікті емес пе? 

Содан кейін шет елдік тек құнарсыз жерге орман егеді дегенге сенім аз. Себебі бұған дейін билік «шет ел денсаулығы нашар баланы ғана асырап алады» деп айтқан. Шын мәнінде ақыл есі бүтін, қол-аяғы сау балалар шет ел асты. Орман өсіруге арналған жер ертең ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануы әбден мүмкін. 

Ұзын сөздің қысқасы биліктің «Құнарсыз жер орман үшін сатылады» деген сөзіне сенім жоқ. Бір қызығы осыған Мұхтар Тайжанның сеніп отырғаны күдік тудырады. Сол себепті жер мәселесінде бір адамның аузына қарамай өте сақ болуымыз керек. Айналып келгенде жер мәселесін билік емес, халық өзі алаңда шешетін тәрізді», - деп жазған журналист өзінің facebook парақшасында.

Бұған дейін де Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы әрі «ЕЛ мен ЖЕР» қозғалысының мүшесі Талғат Қатауов Жер кодексінде ұлттық мүддеге қайшы яғни жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға мүмкіндік беретін баптар бар екенін айтқан. Оның айтуынша, әсіресе, аталмыш құжаттың 6-ншы, 23-нші және және 24-нші бабы өте қауіпті.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары