$ 494.87  520.65  4.91

«Жер кодексінде ұлт қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұтастығына қауіп-қатер төндіретін баптар бар» - қоғам белсендісі

Кодексте жерге қатысты «сатылмайды, жалға берілмейді» деген нақты сөздер жоқ.
Фото: abai.kz
Фото: abai.kz

Жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға тыйым салу мәселесі бойынша нақты шешім қабылданып, заң жобасы Мәжілістің мақұлдауынан өткені белгілі. Алайда соған қарамастан кейбір қоғам белсенділері мен ұлт жанашырлары әлі де Жер кодексінде ұлт қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұтастығына қауіп-қатер төндіретін баптар бар екенін айтып дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәселен Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы әрі «ЕЛ мен ЖЕР» қозғалысының мүшесі Талғат Қатауовтың айтуынша, Жер кодексінде ұлттық мүддеге қайшы яғни жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға мүмкіндік беретін баптар бар. Әсіресе, аталмыш құжаттың 6-ншы, 23-нші және және 24-нші бабы өте қауіпті.
«Жер кодексінің 24-бабында: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін 25 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» деп анық жазылған. 

Осы кодекстің 6-бабында «Шетелдiктер жер құқығы қатынастарында ҚР азаматтарымен бірдей тең құқықтарды пайдаланады» делінген. Бұл бап бойынша шетелдіктер жер қатынасында Қазақстан азаматтарымен тең құқылы екенін нақты көрсетіп тұр.

Ал 23-бапқа жер дауынан кейін халықты алдап, тыныштандыру үшін мынадай ғана өзгеріс енгізді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында орналасқан жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына меншік құқығымен тиесілі болмайды. Бұл бапта «сатылмайды, жалға берілмейді» деген нақты сөз жоқ және осы бапқа аса назар бөліп оқыңыздар! Бұл бапта тек мемлекеттік шекара маңындағы жерлер ғана шетелдіктерге т.б. тиесілі болмайды делінген. Ал, жерінің көлемі жөнінен дүние жүзінде 9-орын алатын Қазақстан ұлан-байтақ жерді қамтып отыр (жерінің ауданы — 2724,9 мың км²).

Яғни, 23-бап, мемлекеттік шекарадан тысқары алыс жатқан және орталық аймақтағы жерімізді шетелдіктерге жалға беруге, тіпті сатуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Міне, бұл Заңның өте әлсіз тұсы», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол сыбайлас-жемқорлық пен парақорлыққа өте жақын министрлер мен әкім-басшылардың заңның осындай әлсіз тұсын пайдаланып шекарадан бастап 5 км жерді өлшеп, 6-шы, 23-ші және 24-баптарға сүйеніп қалған қалаған құнарлы жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға беріп жіберуі мүмкін екенін айтқан. Сатылуға нақты тыйым болмағасын тіпті сатып та жіберуі неғайбыл. 

«Жер кодексінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге қатысты баптарда сөздер шұбалаңқы және көбіне «мүмкін» деген сөз жиі қайталанып келеді. «Шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салу» туралы бабтар нақты, дәл жазылмаған. Бұны кәсіби біліксіз және қазақша таза білмейтін заңгерлердің, жер мәселесіне қатысты мамандардың қарапайым халықтың басын қатыру әдіс-тәсілдері деуге болады. 

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру керек деп шештім» деген болатын.

Яғни Жер кодексіне «Қазақстан аумағындағы ауыл шаруашылық мақсатындағы барлық жерлер шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдіктердің 1% үлесі бар заңды тұлғаларға; шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдармен аралас некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған Қазақстан азаматтарына (азаматшаларына) жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынады» деп алдымен мемлекеттік тілде түсінікті етіп жазылуы тиіс!», - деп санайды қоғам белсендісі. 

Осылай деп атап өткен жалпы халықтың атынан деп Жер кодексіне енгізілуі тиіс деп бірнеше ұсынысын білдірген. 

Халықтың ұсыныс-талабы: 

ҚР Конституциясының 3-бабында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген. Өз конституциялық құқымызды пайдалана отырып, «Жер кодексіне» төмендегідей ұсыныстарды енгізуді сұраймыз! 

1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдіктер және жарғылық қорында шетелдіктер үлесі 1% үлесі болса да жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынады. 

2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен аралас некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарына (азаматшаларына) жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынады. 

3. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді Қазақстан Республикасының азаматтарына және заңды тұлғаларына жекеменшікке беруге, сатуға тыйым салынады. Тек белгілі мерзімге жалға беріледі. Жермен дұрыс жасамаған кезде кейін қайтарылып алынады. Пайдаланылмай жатқан жайылымдар мен егістік жерлер мемлекет иелігіне кейін қайтарылады. 

4. Шекаралық белдеуде,аумағында орналасқан барлық ауыл шаруашылық жерлер мен өзге мақсаттағы жер учаскелері мемлекет меншігінде болады. 

5. Шекаралық белдеуінде,аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы және өзге мақсаттағы жер учаскелерін ешкімге (қазақстан азаматарына, заңды және коммерциялық тұлғаларға сатуға және жалға беруге қатаң тыйым салынады) сатылмайды, жалға берілмейді. 

6. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері Қазақстан азаматтарына, еліміздің заңды тұлғалары мен коммерциялық ұйымдарға,шаруа қожалықтарына шектi (ең жоғары) мөлшер500 гектардан артық жалға берілмейді және ол жеке және заңды тұлғаға өзге өңірде жалға жеруге беруге тыйым салынады. Егер жерді дұрыс ұстамаған, өңдемеген жағдайда комиссия шешімімен мемлекетке кейін қайтарылады, ол жеке және заңды тұлғаға келесіде берілмейді. Жерді жалға алған жеке және заңды тұлға немесе коммерциялық ұйым мен келесі үшінші тарапқа бере алмайды (субаренда бере алмайды). 

7. Мазарлар мен молаларға жақын (радиусы 10 км жерге дейін) жерлерді жалға беруге немесе сатуға тыйым салынады. 

8. Ауылдар мен елді мекендердің айналасындағы жайылымдық және шабындық жерлерді (радиусы 20 км дейін) жалға беруге, сатуға тыйым салынады. 

9.Су, орман, балық, аң шаруашылығы мақсатындағы жерлер және стратегиялық мақсаттағы жерлер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ұлттық қорлар т.б) мемлекет меншігінде болады. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары