23.04.2021, 17:40

«Тіл тигізіп алып, артынан кешірім сұрау деген қазаққа жат дүние» - Максим Рожин

Фото: ашық дереккөз
Не болды мынау енді? Тілге деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру керек, ал мынау енді ұят нәрсе...

Желіде қысқатолқынды пештің нұсқаулығында орысша жазылмады деп қазақ халқына тіл тигізіп, ел Үкіметіне айбат шеге сөйлеген орыс жігітінің тағы бір бейнежазбасы пайда болды. Оның бұл жолғы жазбасында өткендегідей емес, жүні жығылып өз ісіне өкініш білдіріп кешірім сұрап отырғаны бейнеленген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны делінетін бұл жігіт өз жазбасында сонымен қатар қазақ тілін аздап түсінетінін мойындаған.

«Сол қысқатолқынды пешті алған күні ішімдік ішіп алған едім. Мастығымның кесірінен орысша жазылған нұсқаулықты байқамай қалыппын. Содан қазақ тіліндегі нұсқаулықты түсіріп, Tiktok-қа салып жібердім. Мұндай қылығыммен біреуді ренжітіп аламын деп ойламадым. Есімді жиып, таңертең салған видеоны көріп, бірден өшіріп тастадым. Мұным ойланбай істеген әрекетім болды.

Өзім қазақша аздап түсінемін. Өйткені жолдастарымның тең жартысы – қазақ. Өмір бақи әй-шәй деспей араласып келеміз. Оның үстіне жұмыс бабымен де қазақша сөйлесіп жатады. Өзім осы жердің тумасымын, әке-шешем де осы жердікі. Билікке де ештеңе айтарым жоқ. Сондықтан құрметті отандастар, мені кешіріңіздер»! – делінген жазбада. 

Орыс жігітінің бұл әрекеті желі бетінде түрлі пікір тудырып жатыр. Көбі мұндайлардың бүтіндей ұлтқа тіл тигізіп алып артынан кешірім сұрап құтылып кетіп жатқанына алаңдаушылық білдірген. Мәселен, журналист Максим Рожин мұндай әрекеттерге тоқтау салатын уақыт жеткенін айтады.

«Ееех бауырым ау, қазақ тілін осындай ұятты жағдайда үйренгенше, абыройыңды айрандай төкпей, арты бетің майнкрафтталып кешірім сұраумен жалғасты. Дұрыс жағдайда үйренуге болар еді ғой былай қылмай...  Не болды мынау енді? Тілге деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру керек, ал мынау енді ұят нәрсе... Айтсаң өзіңе тиеді!

Негізі осы тенденция жақсы емес жігіттер, айтып алып артынан кешірім сұрау деген қазақта «жігіттің екі сөйлегені – өлгені» немесе «ойланбай сөйлеген ...

Ары карай facebook аудармашы дұрыс аудара алмай калу мүмкін адамдарды шошытып, түсіндіңдер ғой бұл макаланың мәнін...», - деп жазған өзінің facebook парақшасында.

Сол секілді заңгер Ержан Болатбек те бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, мұндай әрекеттердің жазасыз қалмауы тиіс екенін айтқан. 

«Бірінші кезекте, бұл жерде әлеуметтiк және ұлттық алауыздықты тудыру фактісі бар. Сондықтан видео авторын 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. Жалпы, бұл жерде реквизиттер алдын ала жасалған видеоға ұқсайды. Егер осы дүние адамдар тобымен ұйымдастырылған болса, онда 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылады. Бұл ҚР қылмыстық кодексінің 174-бабында көрсетілген», -деп атап өткен. 

Естеріңізде болса, бұған дейін Батыс Қазақстан облысының бір тұрғыны сатып алған қысқатолқынды пешіндегі нұсқаулығында орыс тілінде ақпарат жазылмады деп біршама шу шығарып,  Tiktok желісіне видео жариялаған болатын.

«Қысқатолқынды пештің нұсқаулыға бар. Бірақ орыс тілінде емес, тек қазақша және ағылшынша жазылған. Бұл не деген сұмдық? Ал сонда орысша нұсқаулығы қайда? Өзім қазақша түсінбеймін, пайдалануды қалай үйренемін. Қазақ тілін үйрену ойымда да жоқ. Оны үйренетіндей мемлекет маған не берді? Билік басындағылар не қарап отыр? Әлде, қазақтарды билік басынан тайдыруды күтіп отырсыздар ма?», - деген болатын.