$ 444.22  476.38  4.82

Сенат Жерді шетелдіктерге сатуға қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Бүгін Сенат аталған заң жобасын қарап, құжаттың негізгі тұжырымын мақұлдады.

Бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Осы заң жобасында егер меншік иесі болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған немесе Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына шетелдіктер мүше болған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылған. Бүгін Сенат аталған заң жобасын қарап, құжаттың негізгі тұжырымын мақұлдады. Алайда, талқылау барысында оған өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Соған байланысты Палата отырысында заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

«Жер – халқымыздың ең басты қазынасы, қастерлі тәуелсіздігіміздің белгісі. Сондықтан жер мәселесі қашанда стратегиялық маңызға ие. Осы заң жобасына сәйкес, бұдан былай шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, қандастарға ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелері сатылмайды, әрі жалға берілмейді. Жобада Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының мүшесі немесе акционері болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылған.

Жалпы, бұл заң жобасы, ең алдымен, халқымыздың және мемлекетіміздің мүдделерін қорғайды», – деді Сенат вице-спикері Нұрлан Әбдіров.

Осы заң қабылданғаннан кейін де елімізде жер мәселелерін заңнамалық реттеуді жетілдіру жұмыстары жалғаса береді. Таяуда арнайы құрылған Жер комиссиясы өз жұмысын аяқтағаны белгілі. Оның құрамына бес бірдей Сенат депутаты мүше болғанын айта кеткен жөн.

Комиссияның отырыстары кезінде бұл саладағы заңнамаларды жетілдіруге қатысты көптеген ұсыныстар айтылды. Соған сәйкес, қазіргі таңда Үкімет жерді пайдалануға қатысты заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеуде.Соның нәтижесінде алдағы уақытта тиісті заң жобасы Парламентке келіп түседі.

Сондай-ақ, бүгін сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, қабылдады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бұл құжат микроқаржылық және коллекторлық қызметті іске асырудың құқықтық базасын жетілдіруді көздейді. Енді осы заңға сәйкес коллекторларға басқа адамдардың телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынады және олар борышкерлермен арадағы кез келген іс-әрекет кезінде видео және аудиофиксация жүргізуге міндетті болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#жер