$ 449.58  486.94  4.86

«Аштан өлмес үшін түрлі шөп қайнатып жедік» - Сириядан оралғандар

Ол жақта судың өзі тапшы. Шатырдан аққан жаңбыр суын талай іштік.
Фото: azattyq.ruhy
Фото: azattyq.ruhy

Тәкпіршілік, хизбутшылық, құраншылдық, уахабшылдық, салафизм... Ресми деректер бойынша, елімізде 20 мыңнан астам түрлі деструктивті діни бағыттарды ұстанушылар бар. Олардың 800-ден астамы өзге елдердің шекарасын асып, өмірімен қоштасқан. Қазақстан жат ағымдардың жетегіне еріп, шетелге кеткен азаматтарын елге қайтарған алғашқы мемлекет. «Жусан» арнайы операциясының арқасында талай отандасымыз туған жерге оралды. Туған-туыс, ата-ана мен Отанын қиып, Шам еліне шат өмір іздеп барғандардың қатарында террорлық әрекет жасап, басқаларды да сондай қадамға үгіттегендер аз емес. Өкініштісі, олардың арасында қыз-келіншектер де бар. Azattyq Rýhy тілшісі Петропавл қаласындағы әйелдер колониясында терроризм бабы бойынша сотталып, жазасын өтеп жүрген әйелдермен сұхбаттасқан еді. 

АНАНЫҢ ЖАЗАСЫН БАЛАЛАР АРҚАЛАДЫ

5 жылға сотталған Ақмарал Әлмағамбетова Ақтөбе облысында дүниеге келген.  2013 жылы ата-анасының ақ батасымен қосылған күйеуі мен үш баласын тастап, интернет арқылы танысқан еркектің етегінен ұстап кете барады. Бірақ екінші күйеуімен де көп уақыт отаса алмаған. Соғыстан қайтып оралмапты. Жат жерде 6 жыл бойы жалғасқан  аласапыранның соңы Петропавл түрмесімен аяқталды. Сирияда дүние есігін ашқан 2 сәбиі балалар үйінде. Ал алғашқы күйеуі басқа әйелмен шаңырақ көтерген. Үш баласы өгей ананың қолында тәрбиеленуде. Ақмаралдың жанына бататыны да осы. Ойланбай жасаған әрекетінің кесірінен тірідей 5 баласынан айрылып отыр. Жазасын өтеуші өткен өмірі мен қаңғырып қалған ұрпағын есіне алса көз жасына ерік береді. 

«Шам еліне 2013 жылы бардым. Сол кезде адасушылық басталғанын кеш түсіндім. Сирияға шақырушылар жұмақтың кілті сол елде екенін санама құйып, арбап алды. Мен Қазақстан заңдары мен халқымыздың салт-дәстүрін мойындамайтынмын. Оның барлығы маған қателік болып көрінетін. Қазір соның азабын тартып жүрмін», - дейді жазасын өтеуші. 

ӘЙЕЛДЕР ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТ ДАЙЫНДАҒАН

Жазира Асанова  террорлық әрекеті үшін 8 жылға сотталған. Күйеуі екеуі ең алдымен Египетке барып, біршама уақыттан соң Түркия арқылы Сирия асқан. Ол Мысырға аттанғандағы мақсат – оқу болғанын айтады. 

«Күйеуім шет елге араб тілін оқу үшін баратынын айтты. Мен тек отағасының айтқанын істедім. Сол кезде жолдасымның қандай дінді ұстанатынын ажырата алмадым. Себебі Ислам жайында, оның бірнеше бағытқа бөлінетіні жайында бейхабар едім. Күйеуіме сұрақ қойып көрген емеспін. Бәлкім көзсіз сенген болармын. Сиряға не үшін барғанымызды тым кеш білдім. Күйеуім сол жаққа барғаннан кейін ғана мақсаты соғысу екенін айтты. Өкінішке қарай ғұмыры қысқа болды. Кезекті ұрысқа кетіп, қайтып оралмады», - дейді жазасын өтеуші.  

Колонияда жазасын өтеп жүрген әйелдердің көбінің ақталғанда айтар уәжі осындай. Ал шындығында құзырлы органдар Жазира Асанованың «ДАИШ» террорлық ұйымына мүшелік еткенін, жарылғыш зат дайындауға қатысы барын анықтаған. 

АЙЛАР БОЙЫ ОКОПТА ЖАСЫРЫНҒАН

Көкшетаулық Сәуле Куланова да Сирияға күйеуінің соңынан еріп барғанын айтады. Шам елінде өткерген күндерін есіне алғысы жоқ. Жолдасы сонда жер жастанған. Балаларын ажалдан аман алып қалу үшін айлар бойы окопта жасырынуға тура келгенін де жасырмады.

«Сирияға баратындардың көбі, арбаушылардың құрығына түсіп қалады. Онда жақсы өмір жоқ. Ол жақта адамның тағдыры ештеңеге тұрмайды. Балаларға да қарамайды. Соғысты да, аштықты да көрдік. Ақшаң болса, азық-түлік алуға болады. Тек бағасы қымбат. Бір қап ұнның бағасы 600 доллар болды. Ешкімде ондай ақша жоқ еді. Аштан өлместің күнін кешіп, түрлі шөптерді қайнатып жедік. Ол жақта судың өзі тапшы. Шатырдан аққан жаңбыр суын талай іштік. Бәрінен де өзім үшін емес, балалар үшін күйінемін. Ересектердің кесірінен олар қаншама қиындық көрді», - дейді Сәуле Куланова.

ТЕМІР ТОР АДАСҚАНДАРДЫ ЖӨНГЕ САЛАДЫ...

Адасқандарды қайтадан тура жолға салу оңай шаруа емес. Алайда, темір тор талай алқынғанның аптығын басқан жер. Теологтар да көмек беруге әзір.

«Адасудың түрлі себептері болуы мүмкін. Дінді қате ұғыну – оның басты себептерінің бірі. Өмірдің қиын кезінде басқа жақтан жеңілдік іздеген әйелдер отбасы, бала-шағасын тастап кетеді. Арбаушылар қандай әйелдерді өз дегендеріне көндіруге болатынын, олармен қалай қарым-қатынас орнату керектігін біледі. Сириядан оралғандарды дұрыс жолға қайтару үшін уақыт керек. Бұл біртіндеп жүзеге асырылатын үрдіс. Дегенмен, жазасын өтеушілер дәстүрлі исламды қабылдағаннан кейін де олармен жұмыс жалғаса береді», - дейді ЕС-164/6 түзету мекемесінің инспектор – теологы Татьяна Төлегенова.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, атыс-шабыс бәсеңдесе де Қазақстанның 55 азаматы әлі күнге дейін Сирияда жүр. Ал содырларға еріп, жат жерде топырақ бұйырмай қалғандар жайында есеп жоқ. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары