Мына жоғарыдағы фотосурет таңертеңнен кешке дейін Қазақстандағы әлеуметтік желілердің бәрін шарлап шықты, мыңдаған адам оны талқылап та жатыр. Турасын айтсақ, жұрт ел премьері Кәрім Мәсімовтің бұтына киген "колготкиын" (әлде лосины), жіңішке аяқтарын әңгіме қылуда.
Қатардағы мемқызметкерлердің бірі немесе спортшы болса Мәсімовті бұлай ешкім талқыламас еді, күлкіге де айналдырмас еді. Бүтін бір дамушы елдің үкіметін басқарып отырған саясаткер болғандықтан оның барлық іс-әрекеті ел назарында. Кәрім Қажымқанұлына осыны да ескеріп қойғаны жөн шығар. Әйтпесе, кімнің аузына қақпақ болады?
Жарайды, не кисе де өзі білер, біздің айтпағымыз ол емес. Біздің көзге түрпідей тигені - премьердің ышқырындағы реттік номер жазылған парақша. "Онда тұрған не бар?" дерсіз. Бір қарағанға білінбейтін шығар, бірақ біздің көзімізге салақ еркектің көлігіне ілінген мемлекеттік номер елестеп кетті. Қатырып қоятын болты түсіп қалып, оны қайта қатыруға ерінетін салақ еркек номердің тесігінен сым немесе жіп өткізіп, байлап қояды емес пе? Немесе қазіргілер концеляриялық қыстырғышпен қыстырып қоя салады. Мәсімовтің беліндегі номер жазылған парақша да дәл солай үш жерінен тесіліп, қыстырғыш затпен бекітіліпті. Құдды бір Қазақстанның дәл қазіргі экономикасы секілді, жамау-жамау және қуықтың төменгі жағында.
Әдетте марафоншылар реттік номерін кеуде тұсына және арқасына іліп алады (суреттегі Василий Левит секілді). Осы ретте Кәрім Қажымқанұлы номерін арт жағына ілмегені қандай жақсы болған деген ой да келіп отыр.
Айта кетейік, Премьер-министрдің киімімен жұртты "таң қалдыруы" алғаш рет емес. Бұған дейінгі марафонда Мәсімов аяғына екі түрлі шұлық киіп, жұртты күлкіге қарық қылған болатын.
Ахамат ЕСЕНОВ.