$ 494.87  520.65  4.91

Тоқаев Тәжікстанға баратын болды

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер өткізеді.
Фото: ©РИА Новости
Фото: ©РИА Новости

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның шақыруымен Тәжікстанға барады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты.

Берік Уәли Facebook-парақшасында 19-20 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев президент Эмомали Рахмонның шақыруымен Тәжікстан Республикасына ресми сапармен баратынын жариялады.

"Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер өткізеді. Онда саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта отырып, қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігін дамытуға басымдық берілмек.

Келіссөздер барысында өңірлік кооперацияны жандандыру, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән беріледі", - деді Берік Уәли.

Бұған дейін Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға телефон шалған болатын. Мемлекет басшылары қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды талқылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары