«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің сойылын соғам деп жұрттың сынына ұшыраған журналист Зейін Әліпбек Қоғам белсендісі Жанболат Мамайдан кешірім сұрап құтылды. Бұл туралы Жанболаттың өзінің facebook парақшасында хабардар етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қоғам белсендісінің айтуынша, қателескенін айтып, кешірім сұраған.
«Зейін Әліпбек Байбекті қолдаудан бас тартты
Журналист Зейін Әліпбек жазғаныма жауап беріп, қателескенін айтып, кешірім сұрады. Байбекті қолдау постын алып тастағанын да айтады.
«Сөздерің ауыр тиді» депті. Әрине, шындық қашан да ауыр әрі ащы болады. Өтірік ақталып, басқаша сөйлеп, түрлі сылтау айтпай, ашық кінәсін мойындағаны да ер азаматтың ісі деп білемін.
Ешкімнің басын кесетін ой менде жоқ, болуы да мүмкін емес. Бастысы — шындықты жеткізу, ақиқатты айту. Енді бір ғана сұрақ: бұл постты жазуға Зейін Әліпбекке тапсырма берген кім?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Естеріңізде болса, бұған дейін «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағының басшысы Зейін Әліпбек Ж.Мамайдың Бауыржан Байбек туралы «журналистік зерттеуі» туралы жеке ойын білдірген болатын. Онда Мамайдың көпшіліктің алдына шығып, кешірім сұрағаны дұрыс екенін атап өткен.
«Әлеуметтік желіде Бауыржан Байбек пен Жанболат Мамай арасындағы сөз таласты мен де көрдім, оқыдым, жарияланып жатқан ақпараттарды ой елегінен өткіздім. «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағының басшысы ретінде, жалпы бүкіл өмірін журналистикаға арнаған азамат ретінде пікір білдіргенді жөн санадым. Жанболат бауырым журналист болмаса да, қоғамдық резонанс тудырған мәселеге бей-жай қарай алмадым. Бауырым жеке пікірін журналистік зерттеу деп жариялады. Ал оның елге таратқан ақпараты жоғарыда мен жауап берген сұраққа сәйкес келмейтініне көзім жетіп отыр.
Ақпараттардан білгенім, Бауыржан бауырымыз жалған ақпараттардың кесірінен өзіне және отбасына келтірілген моральдық зиянға материалдық өтемақы өндіріп алудан бас тартыпты. Бұл – тәрбие көрген азаматтың ісі деп білемін. Ендігі кезек Жанболат бауырымда. Көпшіліктің алдына шығып, кешірім сұраған дұрыс деп есептеймін. Мәселе тереңдеген сайын шиеленісе түседі. Абай айтқандай, «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», – деп жазған болатын.