Саясат 05.05.2021 сағат 21:23

Елжан Біртановқа қандай айыптар тағылғаны белгілі болды

Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Елжан Біртановқа қандай айыптар тағылғаны белгілі болды
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Сотта прокурор Төлеген Жарасбаев 2020 жылдың қазанынан бері қамауда отырған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қандай айып тағылғанын айтты. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, 2015 жылы Денсаулық сақтау министрлігі хорватиялық Ericsson Nikola Tesla компаниясымен "Денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерін ақпараттандыру және өзара әрекеттесу платформасы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жеткізу үшін 17,8 миллион долларға келісімшарт жасасқан.

"Платформа деректердің бірыңғай қоймасы болып, денсаулық сақтаудың барлық ақпараттық жүйесін қосады деп болжанған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов платформа жұмыс істемейтінін білсе де, Олжас Әбішевпен алдын-ала келісіп, 2018 жылдың қазанында Нұр-Сұлтан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының 17 медициналық мекемесінде платформаны пилоттық пайдалану туралы бұйрыққа қол қойды. Іс жүзінде пилоттық пайдалану жүргізілген жоқ", - деді прокурор.

Сондай-ақ, 2019 жылдың қаңтарында Біртанов премьер-министрге 17 денсаулық сақтау ұйымында платформаның пилоттық жұмысы туралы жалған ақпарат айтып, үкімет басшылығын алдаған.

"Сонымен қатар, вице-министр Олжас Әбішев Елжан Біртановтың нұсқауымен 2018 жылдың қазанында мемлекеттік сатып алу туралы заңды қолданбай, Ericsson Nikola Tesla-мен 9 миллион доллар сомасына тікелей келісім жасасты", - деді прокурор.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, Әбішев Біртановтың бұйрығымен 2018 жылдың желтоқсанында компанияға атқармаған жұмысы үшін 6,8 миллион АҚШ долларын аударған.

Электрон денсаулық паспорты

Прокурордың айтуынша, 2018 жылдың қазанында Біртанов Әбішевпен және Ericsson Nicola Tesla президенті Ковачевичпен бірге платформа компонентін - электрон денсаулық паспортын ұсынды, ол бүгінге дейін енгізілмеді. Оның сөзінше, 2019 жылдың қаңтарында Біртанов платформаны сынақ ретінде пайдалануға енгізу туралы бұйрыққа қол қойып, 2020 жылдың қаңтарында ол премьер-министрдің орынбасарына платформаның сынағы кезінде ескертулерді жою жұмысы туралы есеп берген.

"Платформа жұмысқа жарамсыз екенін біле отырып, Елжан Біртанов 2020 жылдың 17 ақпанында платформаны өндірістік пайдалануға беру туралы бұйрыққа қол қойды. Бүгінге дейін платформа іске қосылмады. Платформаның жарамсыздығы тергеу эксперименттері, платформаның техникалық ахуалының ведомствоаралық актісі, аумақтық денсаулық сақтау басқармаларының бұрынғы және қазіргі басшыларының айғақтары, медициналық мекемелердің медқызметкерлерінің сөзінен кейін расталды, бұдан платформа әлі енгізілмегенін түсінуге болады", - деді прокурор.

Оның айтуынша, 2020 жылдың қарашасында Денсаулық сақтау министрлігі Біртанов қамауға алынғаннан кейін Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге платформаны енгізе бастаған. Жұмыс 2022 жылдың тамызына дейін созылады.

Мемлекеттік айыптаушы Ержан Біртанов пен Олжас Әбішев сеніп тапсырылған бюджет қаражатын жымқырды және мемлекетке аса ірі - 1,5 миллиард теңге немесе 4,1 миллион доллар көлемінде материалдық шығын келтірді деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.

Үй қамағы

Тергеу барысында анықталғандай, Елжан Біртанов 2020 жылдың 24 қарашасында Швецияның Қазақстандағы елшісі мен Ericsson Nikola Tesla компаниясына хат жолдаған. Хатта оған қылмыстық айып тағылғаны туралы ақпарат және платформаны жеткізуші Ericsson Nikola Tesla атқарған жұмысты растайтын құжаттардың көшірмесін жіберу туралы өтініш жазылған.

"2020 жылдың 29 қыркүйегінде Елжан Біртанов соталды тергеу деректері туралы ақпаратты жарияламау туралы келісімге қол қойды. Осылайша, Біртанов қылмыстық істің деректерін шетел тұлғаларына жария етті, сол арқылы соталды тергеуге кедергі келтірді", - деді прокурор сотта.

"2021 жылдың 24 және 25 сәуірінде Біртанов сот шешімін бұзып, отбасы мүшелерінен басқа адамдармен сөйлесуге тыйым салынғанына қарамастан, отбасы мүшесі болып саналмайтын адамдармен кездесті. Осылайша, "үй қамағына алу" бұлтартпау іс-шарасын орындау барысында күдікті Біртанов соттың хат-хабар жіберуге, отбасы мүшелері және адвокат болып саналмайтын адамдармен қарым-қатынасқа тыйым салу туралы шектеулерін бірнеше рет бұзғаны анықталды, олар соталды тергеу барысында құжатқа тіркелді. (...)

Ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратын ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінді", - деді мемлекеттік айыптаушы.

Біртановтың адвокаты бұған дейін "Біртановты заңсыз қудалауды шешу туралы өтінішпен" Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінгенін айтқан еді.

Сондай-ақ, адвокат "тергеу әрекеттері істі объектив тергеуге емес, Біртановты қудалауға бағытталған" деп мәлімдеген болатын.

"Оның кінәсіздігін растайтын деректер бар. Күдіктер денсаулық сақтау интеграциясы платформасының жеткізушісі, хорватиялық Ericsson Nikola Tesla компаниясының аяқталмаған жұмысына негізделген. Алайда жақында жұрт egov.kz сайтында анықтаған медициналық мекемелердегі тіркеуге қатысты дау-дамай платформаның тиімділігін растайды", - деген еді экс-министрдің адвокаты Дмитрий Куряченко.

21 сәуірде денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртановқа үй қамағы мерзімі ұзартылған, бірақ белгілі бір уақытта пәтерден шығуға рұқсат етілген болатын.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар