$ 447.4  477.55  4.76

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады

Биылғы Жеңіс күнін бізбен бірге 665 майдангер мен 100 мыңға жуық тыл еңбеккері қарсы алуда.
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қымбатты отандастар!

Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мейрам – бейбіт өміріміз, азаттығымыз бен жарқын болашағымыз үшін фашист басқыншыларына қарсы сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларымыздың ерлігі мен даңқының символы.

Ұлы Отан соғысы майданына миллионнан астам қазақстандық аттанып, олардың тең жартысы Жеңіс жолында қаза тапты. 

Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады.            

Биылғы Жеңіс күнін бізбен бірге 665 майдангер мен 100 мыңға жуық тыл еңбеккері қарсы алуда. Олардың ешқайсысы мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығынан, қоғамның сый-құрметінен тыс қалмайды.

Соғыс және тыл ардагерлеріне, барша қазақстандықтарға бейбіт тіршілік, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!  

Жеңіс күні құтты болсын!», - деді құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары