Соңғы кездері жеңіс күні мерекесін басқаша тойлау қажеттілігі тіптен одан мүлдем бас тарту қажет дейтіндер көбейіп барады. Мұндай пікір иелерінің уәжінше, жеңіс мейрамы өзінің о бастағы реңін жоғалтып, тек қана КСРО тарихы мен советтік жүйені насихаттайтын астыртын идеялогияға айналып бара жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мәселен, журналист әрі қоғам белсендісі Серік Ерғали 9 мамырды Ерлік күні атауды ұсынған. Оның айтуынша, жеңіс күнін тек қана КСРО тарихы аясында ғана тойлауды қою керек.
«Жеңіс күні тарихта қалды. Бірақ оған Ресей ғана ие болып амбициясын қандырып отыр.
Және де рейхстагқа (рейх тақ) тігілген ту ресейлік үштүсті емес, балға-орақты қанқызыл ту болғаны мәлім.
Оның үстіне біздің аталарымыз жеңісті 1945 жылы 30 көкек күні сағат 14:00-те ту қадап берген. Қазақстан үшін 30 көкек болуы керек. Сондықтан бұл ұлы ерліктің қадырын кетіру ғана.
Дұрысы 9 мамырды Ерлік күні атап, КСРО тарихымен шектемей, ата-бабамыздың бірнеше мыңжылдық ерлігін паш ететін қасиетті күнге айналдыру қажет», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.