Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев бензин бағасы неге өскенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Мұнай өнімдерін тасымалдау тарифтерінің артуы және ішкі ұсыныстың төмендеуі аясында жыл басынан бастап бензин бағасының 11,6%-ке өскені байқалады", - деді Досаев үкімет отырысында. Айтуынша, биыл сәуірде Қазақстанда инфляция өткен айдағы 7% деңгейінде сақталды.
Азық-түлік инфляциясы нан-тоқаш өнімдері, ет, қант және жеміс-көкөніс бағасы өсімінің төмендеуі аясында 10,7%-тен 9,8%-ке дейін баяулады.
Іскерлік белсенділіктің жандануы, халық кірісінің қалпына келуі, импорттың өсуі нәтижесінде азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,6%-тен 6,4%-ке дейін жеделдеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ай сайынғы өсімі 2017 жылдың қазанынан бері ең жоғары мәнді көрсетті.