"Ақ жол" фракциясының депутаттары 1945 жылдың 9 мамырына дейін туған және тылда еңбек еткен азаматтардың зейнетақысын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан .
Депутат Ерлік Өмірғалидің айтуынша, II Дүниежүзілік соғыс кезінде тыл еңбеккерлері жүздеген зауыт салып, миллиондаған тонна астықты майданға жіберді. Ал Қазақстанда өндірілген мыс, қорғасын, вольфрам мен молибденді соғыс техникасын жасау үшін пайдаланды. Ер адамдардың көбі майданға аттанды. Тылда әйелдер мен балалар қалды.
"Сол кездегі жасөспірімдер қазір 90 жасқа келді. Соғыс балаларының тағдыры қиын болды. Әкелері соғысқа аттанса, аналары күні бойы зауыт пен колхозда еңбек етті. Олар балалық шақтан айырылды. Аштық пен жоқтықты көрді. Артынан дәл осы балалар елді көтеруге атсалысты. Осы ұрпақ КСРО ыдырағанда Тәуелсіздікті алуға шешім қабылдады", - дейді Өмірғали.
Осы орайда мәжілісмен "Соғыс балалары" мәртебесін бекіту мәселесін көтерді. Мәселен, Украинада ондай заң бар. Ал соғыс жылдары туған адамдардың зейнетақысына қосымша ақша төленеді. Ресейдің кейбір аймақтарында тура сондай шаралар қолға алынды.
"Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы "Соғыс балалары" мәртебесін заңды түрде бекітіп, Қазақстанда 1945 жылдың 9 мамырына дейін туған және тұрып жатқан адамдардың зейнетақысына үстемеақы қосып беруді ұсынады", - деп атап көрсетті Өмірғали.
Депутат жыл сайын соғыс ардагерлерінің азайып келе жатқанын да еске салды. Он жыл бұрын олардың саны көп болса, қазір небәрі 665 ардагер ғана қалды. Демек, мемлекеттің қаржылай шығындары да азайып келеді. Алайда батырлар азайып жатыр деп, ақшаны үнемдеуге болмайды. Соның есебінен "Соғыс балаларына" қолдау жасаған дұрыс.
Айта кетейік, посткеңестік елдерде II Дүниежүзілік соғыс кезінде туған немесе соғыс аяқталғанда 18 жасқа толмаған адамдарды "соғыс балалары" деп атайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, өткен жылы Қазақстанда осы санатқа жататын 472 мың адам болған.