Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметіндегілер Автомобиль жолдары комитетінің бұрынғы төрағасы Сайранбек Бармақовтың «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы филиалының директоры қызметіне тағайындалғанын жоққа шығарды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Автомобиль жолдары комитетінің бұрынғы төрағасын тағайындау туралы жаңалыққа қатысты айтсақ, жаңсақтық болды. Кешірім өтінеміз. Сайранбек Бармақов «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы филиалының директоры қызметіне тағайындалған жоқ. Бұл орын бос», - деді ИИДМ баспасөз қызметіндегілер.
Еске салайық, 9 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық және жергілікті жолдардың сапасына байланысты мәселе көтерді. Президенттің сынынан соң «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов қызметінен босатылды.
Сондай-ақ 20 сәуірде автожол саласындағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовтар қызметінен босатылды.