Түркияда ІІМ бұрынғы басшысының ұлы қазақстандық студент қыз Елдана Қахарманды өлтірді деп айыпталды. 21 жастағы қазақстандықтың мәйіті 2019 жылы Элязыг қаласында үйінен табылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Sözcü түрік газеті мәліметіне сүйенсек, қылмыстық топ құрды деген айыппен тергеуге алынған Седат Пекер билеуші Әділет және даму партиясының депутаты Толга Агарға айып тағып отыр. Ол Түркияның бұрынғы ішкі істер министрі Мехмет Агардың ұлы. Пекер қыз қайтыс болғанға дейін бір күн бұрын оны Толга Агар зорлады деп айыптаған видеосын жариялады.
"Толга Агардың ұлты қырғыз немесе қазақ қызы болған. Қыз жандармерияға: "мені Толга Агар зорлады" деген арызбен барады. Ол шағымданғаннан кейін бұрынғы ішкі істер министрі Мехмет Агар тікұшақпен келіп, ұлын алып кетеді. Келесі күні қыздың мәйіті табылды. Бұл қызық көрінбейді ме?", - деді Пекер.
Өз кезегінде Толга Агар барлық айыптауды жоққа шығарған. Оның айтуынша, қазақстандық қыздың қайтыс болу дерегі бойынша тергеу жүргізіліп, сот процесі аяқталған.
"Седат Пекер ұзақ уақыт шетелде тұрған қылмыстық ұйымның мүшесі. Мен ол адамның тарапынан жабылған жаланы жоққа шығарамын. Ол журналисті танымаймын (Елдана Қахарманды - авт.ескерт.)", - деді Агар.
Элязыг қаласының полициясы Елдана Қахарманнан арыз түспегенін хабарлаған.
"Елдана Кахарман есімді қыз полицияға жүгінгені және тікұшақпен бір жерге жеткізілгені туралы мәлімдеме шындыққа жанаспайды", - делінген хабарламада.
Элязыг қаласының прокуратурасы қазақстандық қыз өзіне-өзі қол жұмсағанын айтты.
"Оқиға болған жерді зертеу, сондай-ақ куәгерлер айғағына сәйкес, Елдана Қахарман асфиксиядан қайтыс болғаны анықталды. Қылмыстық іс 2019 жылғы 16 қазанда қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", - деп хабарлайды Cumhuriyet басылымы прокуратура хабарламасына сілтеме жасап.
Айта кетейік, Елдана Кахарман 2019 жылдың 29 наурызында қайтыс болған. Студент қыз Фырат университетінде оқып, жекеменшік "Kanal 23" телеарнасында журналист болып жұмыс істеген.