Израиль әуе күштері 14 мамыр түнде құрлық әскермен бірігіп, ХАМАС тобына қарсы 2014 жылдан бергі ең ірі операция жүргізді. Бұл туралы Израиль әскерилері хабарлады, деп жазады Азаттық радиосы.
Операция кезінде 160 әскери ұшақ 40 минут бойы 150 объектіні атқылаған. Әуе шабуылы кезінде ХАМАС тобына тиесілі тоннельдер қиратылғаны хабарланды.
Құрлық әскерилері Газа секторының аумағына енбеген. Израиль құрлық әскері де операцияға дайындалып жатқанын мәлімдеді.
ХАМАС Израиль әскерилерінің әуе операциясына ракетамен жауап берді.
Израиль мен палестиналықтар арасындағы қақтығыс 10 мамырда ушығып, содан бері жалғасып жатыр. Дүйсенбіден бері Газа секторынан Израиль тарапына кемі 1500 ракета атқыланған. Израиль де Газа секторына дүйсенбіден бері бірнеше рет әуе шабуылын ұйымдастырды.
Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі 10 мамырдан бері 109 палестиналық қаза болғанын, 600-ден аса адам жараланғанын хабарлады. Мерт болғандардың арасында 28 бала бар.
Ал Израиль сегіз адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Марқұмдардың бірі – 6 жасар ұл бала.
Халықаралық қауымдастық Израиль қарапайым адамдар тұратын аудандарды атқылады деп айыптайды. Ал олар "ХАМАС өз объектілерін адамдар тұратын кварталдарға орналастырып, қарапайым жұртқа қауіп төндірді" дейді.
Израильдегі еврейлер мен арабтар тұратын қалалардың көшелерінде де жанжал болды.
БҰҰ мен халықаралық қауымдастық қақтығысты тоқтатуға шақырып жатыр. АҚШ бұл қақтығыста Израильді қолдап отыр.