Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда жұмыс жұмыс істеп жүрген шетел азаматтарының санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республика бойынша 15 443 шетел азаматы жергілікті атқарушы органдардың рұқсатын алған. Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде нақты санаттар да белгіленген.
Олар:
• басшылар және олардың орынбасарлары (I санат) – 650 адам;
• құрылымдық бөлімшелердің басшылары (II санат) – 3 246 адам;
• мамандар (III санат) - 7 511 адам;
• білікті жұмысшылар (IV санат) – 488 адам.
Бұдан бөлек, Қазақстанда маусымдық жұмыстарға 1 723 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 825 шетел азаматы келген. Бүгінде республика бойынша шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 718 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 478 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл – жалпы жұмысшылардың 96 проценті.
Министрлік еңбекші мигранттардың нақты қай елден көп келетінін де жариялады.
Атап айтқанда:
1. Қытай – 3 656 адам;
2. Өзбекстан – 1 741 адам;
3. Түркия – 1 588 адам;
4. Үндістан – 1 090 адам;
5. Ұлыбритания – 930 адам.
Айта кетейік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын шетелдік мамандарды тартуға арналған квотаның мөлшерін белгілейді. 2021 жылда квота 29,3 мың бірлікті құрады.