Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысқан Akimat Live бағдарламасына қала тұрғыны хабарласып, "Автодом" сауда орталығы аумағында жақында ашылған АвтоЦОН проблема тудырғанын жеткізді деп жазды Sputnik.
Әкім жұмыс сапары кезінде ондағы жағдаймен арнайы барып танысты.
"Мұнда супермаркеттер, автосалон, басқа да сауда орталықтары, көпқабатты тұрғын үйлер орналасқандықтан бұл учаскеде кептеліс болады, әсіресе демалыс күндері көлік көбейеді. Осыған байланысты көліктерді рәсімдеу бойынша қызметтерді Алатау ауданының мамандандырылған ХҚКО-ға қайтаруды тапсырдым", - деді Сағынтаев.
Айтуынша, ол жерде келушілер үшін де, автокөліктер үшін де жеткілікті орын бар.
Сондай-ақ Сағынтаев жақын маңдағы тұрғын үй кешені тұрғындарының өтініші бойынша Бостандық ауданының әкімі мен қалалық мобильділік басқармасының басшысына салынып жатқан учаскенің жолдары мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жоспарын ұсынуды тапсырды.