$ 494.87  520.65  4.91

«Еуразиялық экономикалық одақта өзара саудадағы кедергілермен күрес тәсілдері тиімсіз» - Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бес елдің президенті қатысып жатқан отырыста өзекті мәселені көтерді.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ аумағында барлық қатысушыға тең мүмкіндіктер жасалуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Тоқаев дағдарыстан кейінгі кезеңде ЕАЭО-да өзара саудадағы кедергілерді жою мәселесін шешу қажет екенін мәлімдеді. Айтуынша, локдаун кезінде олардың саны өскен.

"Экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне қарай кедергілер өз-өзінен жойылмайды деген қауіп бар. Бұл шектеулер сауда-экономикалық қатынастардың дамуын тежеп, Одақтың даму әлеуетін шектеп отыр. Қазақстан, Одақтың басқа мүшелері сияқты нарықтың барлық қатысушысына тең мүмкіндіктер ұсынып, кемсітушілікке жол бермеуі керек деп санайды", - деді Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында.

Оның айтуынша, комиссия кедергілермен күресті бірде-бір рет тоқтатқан жоқ.

"Алайда бұл күрес соншалықты тиімді деп айта алмаймыз. Бұл ұлттық деңгейде қабылданған шешімдердің салдарымен күрес", - деп толықтырды президент.  

Мемлекет басшысы әр елдің экономикалық интеграцияға жауапты министрліктері Одақтағы өз позициясын айқын білдіруі керек деп есептейді.

Айтуынша, бұл кедергілер мен шектеулер тиісті нормативтік-құқықтық актілермен енгізілуде. Сол себепті құжатты әзірлеу кезінде әркім өз ұстанымын білдіріп, сол позицияны соңына дейін ұстануға тиіс.

Президент кедергілерге мониторинг жасайтын ұлттық жүйе құру туралы ойлану қажет деп санайды. Бұл жерде комисия кеңесі мүшелерінің, үкімет вице-премьерлерінің рөлі зор, деді ол.

Айта кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы басталды.

Оған ЖЕЭК құрметті төрағасы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары