$ 522.49  547.88  5.06

Полиция азаматтарды күдікті деп тану құқығынан айырылуы мүмкін

Құжатта қылмыспен күрес саласын жаңғыртатын бұл реформа Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылатыны жазылған.
Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Құқық қорғау саласында «революция» басталғалы тұр

Қазақстан ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде қабылданған қылмыспен күрестің 3 буынды модельді енгізуге кірісті. Бас прокуратура тиісті заң жобасының тұжырымдамасын жариялап отыр. Оған сәйкес, қылмыстық қудалау органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілік аймақтарының аражігі қайтадан жаңаша ажыратылады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Құжатта қылмыспен күрес саласын жаңғыртатын бұл реформа Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылатыны жазылған.

«Дамыған елдердің үлгісіне негізделген бұл модельге сәйкес, бірінші сатыда  полиция – қылмыстарды анықтауға, оған қатысы бар адамдарды табуға, дәлелдемелерді жинауға және оны айғақзаттармен бекітуге тиіс болады.

Екінші сатыда  прокурор – олардың жинаған дәлелдемелеріне тәуелсіз баға беруге, азаматтардың құқықтарын бұзудың жолын кесуге, адал азаматтарды қылмыстық процеске тартуға және қудалауға жол бермеуге, сотта айыптау тарапын қолдауға міндетті.

Үшінші сатыда сот – органдардың іс-әрекеттеріне шағымдарды қарауға және іс бойынша түпкілікті үкім шығаруға міндетті», – деп түсіндірді Бас прокуратура. Саладан хабары жоқ былайғы жұрт мұнда қазіргі жүйеден еш айырмашылық байқамауы мүмкін.

Сонда жаңалығы неде?

3 буынды жаңа модельде полиция өзі қылмысқа қатысы бар деп тапқан адамдарға «күдікті» деген мәртебені өз бетінше таңа алмайды.

Елімізде озық үлгіні енгізу үшін Бас прокуратураның мамандары мен сарапшылар Германия, Эстония және Грузияға сапарлап, солардың тәжірибесі мен заңнамасын зерделеген, талдау жасаған. Оның қорытындысында бұл елдердегі жекелеген институттарды біздің құқықтық жүйеге ендіруге болатыны туралы тоқтамға келіпті.

Мысалы, Германия, Грузия және Эстонияда полиция – қылмысты ашумен және айғақзат, дәйектемелерді жинаумен ғана айналысады. Прокуратура – полицияның процессуалдық қызметіне басшылық етеді және тергеу жүргізеді. Сот – соттайды.

«Мысалы, Израиль, Ирландия, Исландия және Испаниядан басқа ЭЫДҰ-ның 37 елінің 33-інде полиция емес, тек прокурор ғана адамға күдік пен айып таға алады. Сондай-ақ прокурор ғана сот алдында азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін тергеу әрекеттерін санкциялау туралы өтініш жасауға құқылы. Ұлыбританияны қоспағанда, ЭЫДҰ-ның барлық елінде айыптау актісін жасау және оны сотқа жіберу – тек қана прокуратураның ерекше функциясы. ЭЫДҰ елдерінің бұл тәжірибесі құқық қорғау және сот жүйелерін одан әрі жетілдіру және жаңғырту үшін үлгі болып есептеледі», – делінген тұжырымдамада.

Бас прокуратураның ұстанымынша, 3 буынды жаңа модельді енгізу – біріншіден, әділдікті үстем етуге, екіншіден, азаптау және тергеудің өзге де рұқсат етілмеген әдістерін болдырмауға, үшіншіден, қоғамның құқық қорғау органдары мен сотқа деген сенімін арттыруға, төртіншіден, сыбайлас жемқорлық пен бюрократияны азайтуға, бесіншіден, қылмыстық процесті оңтайландыруға және цифрландыруға әкелуі тиіс. Бұл жағдайда прокурорларға түсетін жауапкершілік пен жүктеме артады. Өйткені жаңа жүйеде кез келген адамды қылмыстық процеске тарту прокурорларға тәуелді болады. «Сондықтан прокурорлар кәсібиліктің, жемқорлықтан адалық пен адалдықтық және әділеттіліктің үлгісіне айналуы керек.

Жаңа модель – қоғамның жоғары сенімі мен оң халықаралық беделге ие заманауи қазақстандық құқық қорғау жүйесін қалыптастырудың бір кезеңі саналады», – деп жазылған тұжырымдамада. «

Күдіктілер еліне» айналып кетпеу үшін

Бұл қадамға мемлекет еріккеннен, не реформақұмарлығынан барып отырған жоқ. Бір амалын қарастырмаса, озық елдер мысалында жүйені түбегейлі жаңартпаса, бүкіл Қазақстан халқының үлкен бөлігі күдіктілер мен айыптыларға айналып кететін түрі бар. Мысалы, прокурорлар полицейлердің «күдікті» деп тану (1 084) және «әрекетті саралау» (514) туралы жалпы саны 1,6 мыңдай қаулысын заңсыз деп таныған. Тиісінше, ол шешімдерінің күші жойылған. Нәтижесінде, Қазақстанда кейінгі жылдары күдікті деп тану туралы шешімдер саны 22%-ға – 29 мыңнан 23 мыңға дейін азайыпты.

Әрине, 23 мың қазақстандықтың күдікті болып танылуының өзі үрей тудырады. Бұған қоса, құқық қорғау органдары 15 мыңдай күдіктінің ісін саралауды айқындау туралы шешім қабылдаған. Рас, бұл көрсеткіш 3%-ға төмендеді (бұрын 16 мың). Дегенмен, бәрібір жоғары болып қалуда. Қалай болғанда, прокурорлардың араласуымен, адамдардың едәуір бөлігін қылмыстық процеске негізсіз тарту фактілерінің жолы кесілді. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, «бүгінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары қылмыстарды ашумен, дәлелдемелерді жинаумен, оларды бағалаумен, іс бойынша процестік шешімдер қабылдаумен бір мезгілде айналысамын деп жүріп, ақыр соңында өздері күдікті не айыпты деп таныған адамдардың кінәсін дәлелдеу мәселесіне лайықты көңіл бөлмейді». Салдарынан, Қазақстанда биік лауазымды тұлғаларға, ірі жемқорларға және басқасына қатысты атышулы істер сотта «шашылып қалып» жатыр.

Енді бұл өкілеттікті прокурорлар өзіне алып қойса, онда олар тергеушілер жинаған дәлел-дәйектемелерге өздері баға береді, соның негізінде нақты бір тұлғаларға айып тағып, кінәсінің деңгейін анықтайды.  129 мыңнан аса шешімнің күшін жойды Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2015 жылдан бастап, алты жыл ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу аясында 2 мың 197 азамат негізсіз ұсталғаны әшкереленді. Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу 3 есеге жуық (209 адамнан 598-ге дейін) өсті.

Құқық қорғау органдарында «сол бұрынғыдай, адам құқығын сақтауға қарағанда қылмысты ашу, сотқа жолдау секілді ведомстволық көрсеткіштер басым тұрады». Соның кесірінен тергеу органдарына шағымдар 2,5 есе өскен екен: 2015 жылы 2 мың 702 шағым түссе, 2020 жыл қорытындысында ол 6 мың 799-ға дейін жетті. Өз ісіне салғырт қарайтын кейбір құқық қорғау органдары қызметкерлерінің істі ашу орнына, оны архивке өткізе салатынына көптеген қазақстандық шағымданады. Прокурорлар тәртіп сақшыларының тергеу мерзімдерін үзу және істерді тоқтату туралы 100 мыңнан астам, нақтылай кетсек, 129 мың 635 шешімінің (!) күшін жойған. 7 мыңға жуық (6 мың 792) іс қосымша тергеуге қайтарылды.

Өз кезегінде соттар да 3 мың 497 істі қайтарған көрінеді. Прокурорлар қанағаттандырған шағымдардың саны 46%-ға – 2015 жылы – 10 мың 905-тен 2020 жылы – 15 мың 911-ге, соттар қанағаттандырған шағымдар саны 3 есеге – 2015 жылғы 383-тен 2020 жылы 1 076-ға артты. Қазірдің өзінде прокурорларға ішкі істер органдарынан түсетін айыптау істерін қайта жазып шығуға тура келеді екен. Мәселен, кейінгі 2,5 жыл ішінде олар 1 097  айыптау актісін қайта құрған. Оның үстіне бұл ауқым артып келеді: 2019 жылы – 135, 2020 жылы – 253, 2021 жылы – 709. Сонымен, қылмыстық процестің жаңа моделі қашан енгізілмек?

Ол кезең-кезеңмен қолға алынады. Тарата айтсақ, І-кезеңде – алдағы 2022 жылдан бастап, адам өлтіру істері бойынша, ІІ-кезеңде – 2023 жылдан сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы істер бойынша; ал ІІІ-кезеңде – 2024 жылдан алдын ала тергеу түрінде аяғына дейін жеткізілген істердің басқа барлық санаттары бойынша енгізіледі деп күтілуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары