$ 494.87  520.65  4.91

Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановты қабылдады

Ералы Тоғжанов Президентке еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде айтты.
Фото: akorda.kz
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысына қазіргі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай, әлеуметтік мәселелер, Жер комиссиясы жұмысының қорытындылары туралы баяндалды, деп хабарлады Ақорда.

Ералы Тоғжанов Президентке еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде айтты. Биылғы 1 мамырдан бастап коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 0,9 пайыздан 0,49 пайызға төмендеген. Ауруханаға түскен адамдар 41 пайыздан 34 пайызға азайған.

Сонымен қатар елімізге COVID-19 індетіне қарсы вакцинаның 2,3 миллион дозасы жеткізілгені айтылды. Мамыр айының соңына дейін қосымша 2 миллион доза екпе жеткізу жоспарлануда. Шілде айынан бастап отандық «QazVac» вакцинасын өндіру 500 мың дозаға дейін ұлғаяды.

Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысына «Ashyq» жобасының енгізілуі жайында мәлімет берді. Бүгінде 1,5 миллион қазақстандық аталған қосымшаны белсенді пайдалануда. Ал жобаға 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. «Ashyq» жобасының енгізілуі кәсіпкерлердің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ індет жұқтырған 2,5 мыңнан астам адам және дертке шалдыққан науқастармен байланыста болған 2 мың азаматтың карантин режимін бұзғаны анықталған. Президент бұл бағытта атқарылған жұмысқа оң баға берді.

Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысына фармацевтика өнеркәсібін, ғылымды дамытуға, Салауатты өмір салтын сақтау тұжырымдамасы мен Әлеуметтік кодексті әзірлеуге, жұмыссыздықтың алдын алуға қатысты қолға алынған шаралар туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Түркістан облысының Бағыс және Хиябон ауылдарындағы жағдайды реттеуге қатысты Үкіметке тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, елді мекендерге ресми мәртебе беріліп, шекаралары нақтыланып, тұрғындардың жер учаскелері мен дүние-мүліктерінің тізімі жасалды. Шілде айында аймақтағы 6 ауыл табиғи газбен қамтамасыз етіледі, келесі жылы Бағыста 300 орындық мектеп салынады.

Президентке Жер комиссиясының жұмыс қорытындылары жайында да есеп берілді. Комиссия жұмысында 121 мәселе қарастырылды. Қазіргі таңда түзетулер енгізілген тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау мәселелеріне қатысты бірқатар тапсырма берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары