$ 494.87  520.65  4.91

Мемлекет басшысы екі облыс басшысын қабылдады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Фото: akorda.kz
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Қазақстан Президентіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, жер қатынастарына қатысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы, сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмыстары,  инвестиция тарту және Жайық трансшекаралық өзенінің проблемалары жөнінде баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жергілікті жұртшылықтың бюджеттен қаржыландырылатын жобалардың жүзеге асырылуын бақылауға, өңірді сумен және жылумен қамтамасыз етуге, автожолдар салуға және электр желілерін жаңғыртуға қатысты мәселелерді шешуге атсалысып жатқаны туралы мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы өңірдің ет өнімдерін ұлғайтуға және осы салада еліміздің әлемдік нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндігі бар екенін атап өтіп, әкімдіктің Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытудың ғылыми-өндірістік базасын құру жөніндегі жоспарын қолдады.

Президент Оралда машина жасау саласының техникалық және кадрлық әлеуетін сақтау қажет екеніне назар аударып, Ғали Есқалиевке демографиялық қауіпті азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвесторларды қолдау жөнінде міндет жүктеді.

Мемлекет басшысы әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, бюджетті әділ бөлудің, бюджетаралық қатынастардың тиімді тетігін енгізудің маңыздылығын айтты. Оның айтуынша, облыстар салықтан түсетін қаржыны жергілікті деңгейде қалай жұмсау керек екенін анық түсінуге тиіс.

Ал  Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы төрт айдағы даму қорытындылары мен Президент тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ, Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндады.

Бердібек Сапарбаев қаңтар-сәуір айларында Жамбыл облысының өнеркәсіп көрсеткіші 107,1 пайызға, ауыл шаруашылығы 103,2 пайызға, құрылыс 110,3 пайызға артып, өңірге құйылған инвестиция 75,2 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Сонымен қатар былтыр облыста 768 мың гектар жерге егін егілсе, биыл егістік алқап 46 мың гектарға ұлғайған.

Облыстағы эпидемиологиялық жағдай да сөз болды. Жалпы 2580 төсек-орын әзірленген. Медициналық құрал-жабдықтармен қамту тиісті дәрежеде жүргізіліп, дәрілік заттардың жеткілікті қоры қалыптасқан. Жоспар бойынша 582 мың азаматқа вакцина салу керек болса, бүгінде 100 мың адамға екпе егілген.

Аймақта Президент тапсырмасына сәйкес өзге ұлт өкілдері тығыз шоғырланған 25 елді мекеннің этно картасы жасақталған. Мемлекет басшысына Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндалды. Облыс әкімінің айтуынша, аудандағы жағдай тұрақты. Былтыр тұрғын үй, жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт  салалары бойынша жалпы құны 35,1 миллиард теңге болатын 392 жоба іске асырылған. Барлық зардап шеккен нысандар мен тұрғын үйлер толығымен қалпына келтірілген.

Гвардейск ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, тиісті қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Зауыттың сынамалық қосылуы маусым айына белгіленген.

Мемлекет басшысы облыстағы эпидемиялық ахуалды бақылауда ұстау, инвестиция тарту және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары