25.05.2021, 12:40

«Заңдардың қабылдануымен Президенттік саяси реформалар пакетінің негізгі бастамалары іске асырылды» - Ерлан Қарин

Осы заңдардың қабылдануы елдегі қоғамдық-саяси диалогтың тиімділігін көрсетеді.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойған болатын. Осыған орай ҚР Президентінің көмекшісі, белгілі саясаткер Ерлан Қарин өз ойымен бөлісті.

Бүгін Мемлекет басшысы өте маңызды құжаттарға – «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңға және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңға қол қойды. Осылайша, осы заңдардың қабылдануымен Президенттік саяси реформалар пакетінің негізгі бастамалары іске асырылды, - деп жазды ол өзінің Телеграм каналында.

Қарин  қазіргі уақытта Президенттің саяси реформалары аясында 10 заң қабылданғанын жеткізді. 

Бүгін қол қойылған заңдармен Мәжіліске саяси партиялардың өтуі үшін шекті деңгейді 7-ден 5% - ға дейін төмендету, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінде «барлығына қарсы» бағанын енгізу және осы жылға белгіленген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу бойынша нормалар бекітілді. Айта кету керек, заңдар түрлі қоғамдық алаңдарда, Парламент қабырғасында сарапшылар мен азаматтық белсенділердің, саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен мұқият және жан-жақты талқылаудан өтті, - деді ол. 

Оның айтуынша, бұл тақырыптар бойынша пікірталастар ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында да өтті. Сондықтан осы заңдардың қабылдануы елдегі қоғамдық-саяси диалогтың тиімділігін көрсетеді.