$ 522.49  547.88  5.06

«Бұл құжат жергілікті және өзін-өзі басқару органдарының дербестігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді» - сарапшы

Сайлау туралы заңға қабылданған өзгерістердің соңында азаматтарды жергілікті жерлердегі нақты саясатқа тарту жөніндегі зор әлеует тұр.
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойған болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Ермек Тоқтаров өз ойымен бөлісті.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформаларының бір бөлігі саналады. Бұрын ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін аудан әкімі ұсынған және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілген кандидаттардан аудан мәслихаты сайлайтын еді. Енді аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау жүйесі болады. Яғни, енді әкімдерді жергілікті жерлерде мәслихат депутаттары емес, азаматтардың өздері таңдайды. Әрине, мұндай реформаны жүзеге асыру азаматтар мен белсенділердің, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саяси сауаттылығы мен мәдениетін арттыруды талап етеді. Бұл Мемлекет басшысының ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу туралы бастамасын іске асыру мультипликативті әсер беретінін білдіреді, - деді ол.

Сарапшының айтуынша, сайлау туралы заңға қабылданған өзгерістердің соңында азаматтарды жергілікті жерлердегі нақты саясатқа тарту жөніндегі зор әлеует тұр.

Қазір жергілікті жерлерде басқару дербес жүйеге келе жатыр. Өздеріңіз білетіндей, ауылдардағы жергілікті қауымдастықтар төртінші деңгейдегі бюджеттерді басқаруға қатысып жатыр, бұл кезде тұрғындар жергілікті бюджетті не үшін жұмсау керектігін анықтай алады. Сайлау туралы заңға қабылданған өзгерістер жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының дербестігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өзгерістердің соңында азаматтарды жергілікті жерлердегі нақты саясатқа тарту жөніндегі зор әлеует тұр, - дейді ол.

Ермек Бауыржанұлы қабылданған заңның ауылдардың жағдайына қаншалықты әсер етуі мүмкін екендігіне де тоқталды. 

Әкімдерді тікелей сайлау әкім лауазымына кандидаттар арасында бәсекелестік тудыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықты жандандырады. Бұл дегеніміз, үміткерлер жергілікті мәселелерді шешудің тиімді нұсқаларын ұсынады деген сөз. Сайлаушылардың адалдығын сақтау үшін сайланған әкім өз елді мекенінің өзекті мәселелерін шешуге бюджет қаражатын ұтымды бөлуге мүдделі болады. Сонымен қатар, тікелей сайлау өзін-өзі ұсынған кандидаттардың белсенділігін арттырады, сондай-ақ саяси партиялардың өңірлердегі бәсекеге қабілетті болуы үшін тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Өйткені, халыққа жақын, оның мәселелерін білетін және оларды шешуге дайын кандидат жеңіске жетеді, - деді Тоқтаров.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары