$ 494.87  520.65  4.91

Мәжіліс депутаты Каспийге экологиялық қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қақты

Каспий акваториясында кеме қатынасы арналарын қазу жобасы орны толмас экологиялық апатқа ұшыратуы мүмкін.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Суы тартылып, қойнауындағы тіршілік иелерінің саны жылдан-жылға азайып, Тәңірдің өзі сыйға тартқан көркінен айырыла бастаған қарт Каспийдің экологиялық мәселесі биік мінберлерден айтыла бастады. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Каспий экологиясына алаңдаушылық білдіріп, Премьер-министрінің орынбасарының орынбасар Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Депутатттың айтуынша, NCOC (North Caspian Operating Company) компаниясы Каспийдің солтүстік бөлігінде кеме қатынасын дамыту мақсатында канал қазуға ниеттеніп отыр. Ал бұл жоба іске асса, миллиондаған жылдық тарихи бар Каспий айдыны үлкен экологиялық апатқа ұрынбақ. 

«Қолдағы мәліметтерге сәйкес, Компания NCOC (North Caspian Operating Company) биылдан қалдырмай «Қашаған» кен орны жобасының логистикасын қамтамасыз ету үшін Каспий теңізінде кеме қатынасына қажет арналар қазуға ниеттеніп отыр (ұзындығы 56 км, ені 80 метрден 115 метрге дейін бірнеше кеме қатынасы каналдары, диаметрі 325 метрден 380 метрге дейін 10 бұрылу бассейні салынатын болады. Каспий түбінен шамамен 29 млн м2 аумағынан 18,5 млн м3 астам топырақ алу жоспарланып отыр).
Өз кезегінде, қабылданған экологиялық кодекске сәйкес Каспий теңізінің солтүстік бөлігі мемлекеттік қорық аймағына жатқызылған және табиғатты пайдалануда және инженерлік-құрылыс жұмыстарын жүргізуде ерекше мәртебеге және шектеулерге ие. Су және балық ресурстарын қорғауға, сондай-ақ экожүйенің тұрақты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы пайдалану режимі анықталды.

Солтүстік-Шығыс Каспий акваториясы батыс өңірлердің балық ресурстарын және биоәртүрлілігін молайтуды қамтамасыз ететін бірегей экожүйе болып табылады.

Сондықтан, Каспий акваториясында кеме қатынасы арналарын қазу жобасы орны толмас экологиялық апатқа ұшыратуы мүмкін (кең аумақтардағы су түбі организмдерінің 100% жойылуы; судың лайлануының пайда болуы балықтырды азықтандыру мен көші-қон жағдайларын нашарлатады; қалқыма заттар су бағанына түседі, ағыстармен тасымалданады және Солтүстік Каспий акваториясының бойынша түбіне шөгеді, ихтифаунаның азық базасын жояды).

Орхус конвенциясының талаптарына сәйкес азаматтар экологиялық ақпаратқа қол жеткізуге құқылы болуы керек. Теңіз кеме қатынасы каналдарының қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы (ҚОӘБ) бойынша қоғамдық тыңдауларды компания 2020 жылғы 21 қыркүйекке тағайындап, өткізді. Алайда, Атырау облысы Табиғи ресурстар басқармасы ресми сайтында аталған жобаның ҚОӘБ жарияланбаған.

Бұдан басқа, NCOC компаниясы мұнай өндірудің бүкіл кезеңіне, яғни 2038 жылға дейін Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі жөніндегі болжам деректерін жұртшылыққа жарияламай отыр», - деп атап өткен депутат өзінің сауалында. 

Сонымен қатар Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғат пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі бұл жұмыстардың халықаралық нормаларға сай емес екендігіне тоқталған. 

«Каспий теңізі – Ресеймен, Әзірбайжанмен, Түркіменстанмен, Иранмен шектесетін тұйық су айдыны. Қазақстан 2000 жылы ратификациялаған «Трансшекаралық мәнмәтінде қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы» БҰҰ ЕЭК халықаралық конвенциясы шеңберінде қазақстандық тарап Конвенцияның 3, 4, 5 және 6-баптарына сәйкес консультациялар өткізуге және осы жобаны өңірдің барлық елдерімен міндетті түрде келісуге тиіс еді. Бұдан басқа, Қазақстан 2005 жылы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияны ратификациялады, оның 8-бабында «...тараптар Каспий теңізінің түбіндегі қызмет нәтижесінде оның ластануын болдырмаудың, азайтудың және бақылаудың барлық қажетті шараларын қабылдайды», 14-бабында «...тараптар Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қорғауға, сақтауға, қалпына келтіруге, сондай-ақ ұтымды пайдалануға ерекше назар аударуға тиіс...» деп көрсетілген.

Осыған байланысты, халықаралық экологиялық нормалар мен қолданыстағы конвенциялардың талаптарына сай аталған жұмыстарды іске асыру үшін бірінші кезекте трансшекаралық контексте ҚОӘБ жобасы жасалуға тиіс.

Оқи отырыңыз: Каспий теңізі экологиялық апат алдында тұр

Сонымен бірге, қоршаған ортаға үлкен теріс әсері бар мұндай жобалар жоспарлағанда міндетті түрде жобаны дамытудың басқа да баламалы нұсқалары ұсынылуы қажет», - деп атап өткен Тұрғанов вице-премьер Роман Склярдан бірнеше осы мәселе төңірегінде бірнеше сауалға жауап беруді сұраған: 

1. Неліктен арнаны төсеу жобасы таңдалды? Жобаның баламалы нұсқалары қарастырылды ма (көпір, ауа жастықтарындағы су көлік құралдары, эстакада және т.б.)?

2. Жоба Каспий өңірі елдерімен келісілді ме?

3. Каспий теңізінің деңгейі жылына 15-20 см төмендейтіні белгілі. Егер таяудағы 4-5 жылда теңіз деңгейі қайтадан осындай қарқынмен төмендей беретін болса, арналарды қосымша тереңдету және жұмыстарды қайта жүргізу қажеттілігі туындамайды ма?

4. Тасымалдау каналының бағыты орнатылды ма және алынатын топырақ қайда бағытталады? Топырақты алу және орнын ауыстыру үшін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган беретін арнайы рұқсат бар ма?

5. Жоба іске асырылған жағдайда орындалған экологиялық іс-шаралардың сәйкестігін тексеру үшін жобадан кейінгі талдау жүргізіле ме?

Сонымен қатар, осы жобаның заңдылығы мен тиімділігін мұқият тексеру жүргізу қажет деп санаймыз.
Осы жобаның қоғамдық-резонанстық сипатын ескере отырып, Халықаралық экологиялық нормалардың талаптарына сәйкес, «Қоршаған ортаға әсерді бағалау» жобаны дайындауды және трансшекаралық контексте жүргізуді сұраймыз.

Құрметті Роман Васильевич!
Каспий теңізі акваториясында қалыптасып отырған қолайсыз экологиялық жағдай жұртшылықтың негізді қатты алаңдаушылығын туғызуда», - делінген Дүйсенбай Тұрғановтың депутаттық сауалында
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары