$ 494.87  520.65  4.91

Сәкен Майғазиев пен Шыңғыс Мұқан миллиондардың есебін қашан береді?

Шымкент қалалық мәдениет үйі мамырдағы мерекелерге орай да мемлекеттік сатып алу порталында үш келісімшарт жасасқаны анықталды. Бұл – Мұқанның "Наурызға 213 млн теңге бөлінді, 572 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шаралар үшін қарастырылған" дегенін жоққа шығаратын бірден-бір факт.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерді негізге алған журналистер мен белсенді азаматтар 2 ай бұрын әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурыз мерекесіне арналған іс-шараларға 595 млн теңге бөлгенін анықтаған.

Бұл оқиға қоғамда шу туғызып, белсенді азаматтар әкімдіктен наурызға жұмсалған қаржының есебін сұрағанда, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан журналистер келтірген ресми деректі жоққа шығарған еді. Ол сол кезде жарты млрд теңгеден астам қаражат "тек Наурыз мерекесіне ғана емес, жыл бойы өтетін іс-шаралар үшін қарастырылды" деп мәлімдеген.

Алайда Qazaqtimes тілшісі Шымкент қалалық мәдениет үйі мамырдағы мерекелерге орай да мемлекеттік сатып алу порталында үш келісімшарт жасасқанын анықтады.

Бұл – Мұқанның "Наурызға 213 млн теңге бөлінді, 572 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шаралар үшін қарастырылған" дегенін жоққа шығаратын бірден-бір факт. Өйткені Шымкент қалалық мәдениет үйінің жыл басталғалы мерекелік іс-шаралар үшін жасасқан келісімшарттарының жалпы құны қазірдің өзінде 610 млн теңгеден асып кетті.

Майғазиев басқаратын мекеменің мамырдағы тендерлері

Шымкент қалалық мәдениет үйі 19 мамырда "Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне және "ShymQala" этно ауылының ашылуына арналған іс-шара" үшін "ИП Тохтахунов" деген компаниямен келісімшарт жасасқан. Құны 8 548 500 теңге. Аталған компания биылғы ақпанда ғана тіркелген. Ашық дереккөздерде компанияның мекенжайы ретінде Алматы қаласы көрсетіліп тұр. Бұған дейін ешқандай тендерге қатыспаған.

Мемлекеттік сатып алу порталына Майғазиев басқаратын мекемеден тендер алардан 13 күн бұрын, яғни 6 мамырда ғана тіркелген. "ИП Тохтахунов" компаниясымен жасалған келісімшарттың скриншоты.

Бір айта кететін жайт – жоғарыдағы сатып алу бойынша келісімшартқа 19 мамырда қол қойылып, 21 мамырда "ИП Тохтахунов" компаниясына тиісті қаржы (8 548 500 теңге) төленген. Ал Шымкент мәдениет басқармасына тиесілі әлеуметтік желі парақшаларында "ShymQala" этно ауылының ашылуына арналған іс-шараның 4 мамырда өткенін байқауға болады. Бұл деректер келісімшартқа іс-шара өтіп қойған соң қол қойылғанын аңғартып тұр.

Шымкент қалалық мәдениет үйі "7 мамыр Отан қорғаушылар күнін" де ұмыт қалдырған жоқ. Мекеме бұл мерекеге орай "ИП "ЕСЕНОВ Т.А." деген компаниямен 5 450 000 теңгеге келісімшарт жасасқан. Бұл сатып алу бойынша да келісімшартқа мереке өтіп кеткен соң, яғни 19 мамырда қол қойылған. Мекеменің мамырда жасасқан үшінші келісімшарты "Ел есімі - ел есінде" Жеңістің 76 жылдығына арналған мерекелік іс-шара" деп аталады. Келісімшартқа жеңіс күніне арналған іс-шаралар өтіп кеткен соң, яғни, 21 мамырда қол қойлыған. Тапсырысты орындаушы – астанада тіркелген OYOU компаниясы.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, аталған компания бұған дейін 10 рет тендер ұтқан. Оның барлығында тапсырыс беруші мекеме – Мәдениет және спорт министрлігінің «Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы» РММ".

Жауаптан жалтарған Шыңғыс Мұқан

QazaqTimes Шымкент қалалық мәдениет үйі мамырдағы мерекелерге орай да бірнеше іс-шара ұйымдастырғанына көз жеткізгеннен кейін қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға хабарласты. Бірақ оның өзімен сөйлесу мүмкін болған жоқ. Тілшінің қоңырауына жауап берген әкім орынбасарының хатшысы бір күн бойы түрлі сылтау айтты. Кейін тіпті телефонды көтермей қойды. Ш.Мұқан Фото: Nur.kz QazaqTimes Шыңғыс Мұқаннан "сәуірде бәрінің есебін береміз" деген "уәдесі" неге орындалмағанын, "572 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шараларға қарастырылды" деген мәліметі не себепті мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми дерекке қайшы екенін сұрамақ болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары