$ 494.87  520.65  4.91

Репрессия. Ашаршылық. Мемлекеттік комиссия жұмысы

2020 жылдың 29 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасаған болатын.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

«Социалистік режимнің екі үлкен күнәсін кешіруге болайды: 
бірі – ашаршылық, енді бірі – қуғын-сүргін»

Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы

Осыдан бір жыл бұрын (2020 жыл, 29 мамыр) Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасаған болатын.  Президент ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең екенін айта келе, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастағанын жеткізді.

Осылай деп атап өткен президент кейін өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», деп атап өтті.

Сонымен қатар президент бұл мақаласында аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көргенін, әрі өскелең ұрпақ мұндай ақтаңдақ тарихтың қадірін білуі керек екеніне тоқталған. "Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс" - дейді Мемлекет басшысы. 

Тарихқа сәл шегініп, бұл атаулы күннің қалай пайда болғанын саралап көрсек. Алдымен, 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Тұрғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ  31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Бұл – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы еді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені ел есінде екенін баса айтты. 

«Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.  Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар», - деді ол. 

Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жабылып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. 

Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.

Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.

Президент сол жолғы үндеуінде ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске алды.

«Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты.    Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды. Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық.  Бүгінде республика өңірлерінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері орнатылған. Бұл – қазақ жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі», – деді ол. 

Мемлекет басшысы тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

«Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», – деді Президент.

2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтіп, жұмысты бастап кетті. Осы жиында мемлекеттік комиссия қызметін ұйымдастырудың міндеттері, негізгі тұстары, 2021 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды және қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтарын құру ұсынылды. 

Аталмыш комиссияның екінші отырысы 2021 жылдың 8 сәуірінде өтті. Отырыс барысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мен оның өңірлік филиалдарының ағымдағы қызметі талқыланды. Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, комиссия жұмысын ұйымдастыру кезеңі аяқталып, еліміздің түрлі архивтерінде ғалымдардың және сарапшылардың белсенді зерттеу жұмыстары басталған.

Қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтардағы азаматтарды ақтау бағытында нақты жұмыстар жүргізу үшін 11 жұмыс тобы бар. Қазіргі күні еліміздің барлық өңірлерінде арнайы өңірлік комиссиялар құрылған. Әр топ өз қызметін қуғын-сүргін құрбандарының санатына сәйкес тақырыптық жоспарлар мен белгілі бір әдістемелер аясында жүзеге асырады. Олар архивтерде жұмыс істеуге рұқсат алған. Сондай-ақ, осы жұмысқа тартылған ғалымдар жалақысы сақтала отырып, жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу институтындағы негізгі жұмыстарынан уақытша босатылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары