АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігі Шымкентте ЛГБТ өкілдеріне шабуыл жасалғанына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі хабарлады.
"АҚШ дипломатиялық өкілдігі бүгін Шымкенттегі #LGBTQI+ қауымдастығының мүшелеріне қарсы ауызша және физикалық түрде шабуыл жасалғаны туралы хабарламалардан кейін үлкен алаңдаушылық білдіреді. Біз Қазақстан билігін барлық адамдардың қадірін, теңдігін және жалпыға бірдей адам құқықтарын қорғауға шақырамыз" делінген дипломатиялық өкілдік мәлімдемесінде.
29 мамырда Шымкентте бір топ адам "Феминита" ұйымының белсенділері Гүлзада Сержан мен Жанар Серкебаеваға бір топ адам шабуыл жасады. Бірақ полиция шабуыл жасағандарды емес, белсенділердің өзін ұстап әкеткен.
"Феминита" ұйымының өкілдері ол күні Шымкентте ЛБК және трансгендер әйелдердің құқығы жөнінде жиын өткізбек болған. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, ондаған адамнан тұратын топ жиын болады деген жерге келіп, белсенділерге күш көрсеткені көрінеді. Видеолардың бірінде полиция Жанар Секербаеваны ұстап, көлікке отырғызып жатқанда азаматтық киім киген біреу оның шашынан тартып, қол жұмсағаны көрінеді.
ҚазТАГ агенттігі құқық қорғаушы Рустам Қыпшақбаевқа сілтей отырып, "Феминита" белсенділеріне қарсы қылмыстық кодекстің 378-бабы (билік өкілін қорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Шымкент полициясының баспасөз қызметі Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаеваны "олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін" ұстағанын айтты. Бірақ полиция видеода көрінген ұстау әдісін түсіндірмеді.