02.06.2021, 16:00

Түрік лицейлер желісінің президентін ұрлап кетті. Оған президенттің қандай қатысы бар?

Бұған дейін Түркия билігі оны кері қайтаруды сұраған

Бішкекте Орхан Инанды есімді түрік азаматы жоғалып кетті. Ол «Сапат» (қырғыз-түрік лицейі – авт.) деген атаумен белгілі мектептер желісінің президенті. Соңғы 25 жыл бойы Қырғызстанда ағарту ісімен айналысатын мұғалімнің көлігі табылған, өзі екі күннен бері жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл туралы «Радио Азаттык Кыргызстан» жазды. Ұшты-күйлі жоғалған мектеп басшысының әріптестері бұл іске Түркия арнайы қызметінің қатысы болуы мүмкін деп топшылайды. Оның ұлы Юсуф Косе әкесімен соңғы рет 31 мамыр кешкі сағат 19:00-де тілдескенін, одан кейін ұялы телефонының сөндірулі тұрғанын айтып, милицияға арыз жазған. Ал, Орхан Инанды мінген Lexus-470 автокөлігі Бішкектегі Малдыбаев көшесінде есігі ашық күйінде табылған.

Құқық қорғау органдары мұғалімді бір тәулік іздеп таппаған соң, оның жақындары мен әріптестері кеше Бішкек қаласындағы Түркия елшілігінің алдына жиналып, ереуіл жасады. Шамамен 80-ге жуық адам Орхан Инандыны тауып беруді талап еткен. Осыдан кейін ел президенті Садыр Жапаров Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне тапсырма беріп, жедел-тергеу әрекеттерін күшейтуді жүктеді. «Қосымша күштер тарту арқылы іздестіруді жеделдету керек», деді Қырғызстан президенті. Бұл туралы ақпаратты мемлекет басшысының ресми сайты таратты.

Бүгін Орхан Инандының зайыбы Рейхан Инанды бейнеүндеу жолдап, күйеуімен 31 мамыр кешкі сағат 21:00-ден бері байланыса алмай отырғанын айтты. АКИpress басылмының жазуынша, жоғалған мектеп басшысын осы күнге дейін Қырғызстаннан алып кетуі мүмкін деген болжам бар. Мұны оның әйелі де тұспалдайды.

Бішкекте «Сапат» мектебінің өкілдері 1 маусымда баспасөз конференциясын өткізіп, Орхан Инандының жоғалуына байланысты өз болжамдарын айтты. Мектептер желісінің вице-президенті Раина Асакеева Инандының саяси мәселелерге қатысы жоқ екенін, ол тек ағарту, білім бері ісімен айналысқанын айтады. Оның жақтастары бұл оқиғаны қарақшылық шабуыл деп ойламайтындарын, себебі ешқандай мүлкі, бағалы заттары жоғалмағанын мәлемдеді. Ал, оның адвокаты Зоотбек Құдайбергенов білім орнының президентін Бішкекте біреулер күшпен ұстап отыруы мүмкін деген болжамын айтты.

«Сапат» мектебінің филиал директоры Нұрлан Құдайбердиев болса Орхан Инандыны Түркия билігі қолға түсіруге мүдделі екенін айтады. Себебі Түркиядағы 5 жыл бұрынғы саяси жағдайлар Фетхуллах Гүленнің қолдауымен бүкіл әлемде ашылған мектептердің басшыларын ұстауға бағытталған, деді.

Жергілікті БАҚ-тың жазуына қарағанда, 2019 жылы Анкара «Сапат» лицейінің екі қызметкерін кері қайтаруды талап еткен. Қырғыз тарапы Синан Йылмаз бен Санжар Абдулхакимді депортация жасауға келіскенімен, Первомай соты құзырлы органдардың талабын қанағаттандырмай тастаған. Сөйтіп екі азамат Түркияға кетпей қалған. Десе де, Соңғы 5 жылда Ердоған билігі Қырғызстаннан Фетхуллах Гүленнің қолдауымен ашылған мектептерді жабуды талап етумен келеді.

Қырғызстандық саясаттанушы Алмас Тәжібай «Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігі тілшісіне берген сұқбатында елдегі түрік лицейлеріне қатысты қалыптасқан жағдайлар туралы айтып берді. Ол Орхан Инанды бірнеше рет көргенін және оның Қырғызстандағы білім саласына сіңірген еңбегі зор екенін айтады.

«Орхан Инандының жоғалуына қатысты ішкі істер министрлігі айналысып жатыр. Бірақ бұл істің артында саясат жатқаны анық. Орхан 11 жыл бұрын Қырғызстан азаматтығын алған. Гүленмен байланысы бар деп Атамбаевтың кезінде оны Түркияға қайтаруды талап еткен. Бірақ Алмасбек Атамбаев бұл біздің ішкі шаруамыз деп, «Себат» мектебінің бірде-бір адамын берген жоқ. Бұл мектеп бұрыннан танымал оқу орындары болып қалды. Білім беру министрлігі атауын өзгертіп, ол жерде оқушылардың білімін жалғастыруға рұқсат берді», - дейді Алмас Тәжібай.

Оның сөзінше, лицейлерде дін мүлдем үйретілмейді. Яғни, балалар гүленші болып кетеді деп қауіптенуге негіз жоқ дейді. Ал, мұндағы оқушылар үнемі олимпиадалар мен білім байқауларында ешкімге жүлде бермейді екен.

«Биыл шілдеде Садыр Жаппаров Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездеседі. Мемлекеттік сапар аясында бірқатар келіссөз болады. Қазір Қырғызстанда осы кездесу қарсаңында Қырғыз басшысы Орхан Инандыны түріктерге әдейі ұстап беруі мүмкін деген әңгіме жүріп жатыр. Егер осы рас болса, адам құқығы мәселесінде біздің биліктің екіжүзділігі көрініп қалуы мүмкін деп ойлаймын. Қалай болса да, біз өз азаматтарымызды сыртқа беріп жібермеуіміз керек. Әлемнің қандай нүктесінде жүрсе де олар елдің қорғауында болуы керек», - деді Алмас Тәжібай.

Айта кету керек, Қырғызстанда 1992 жылы ашылған «Себат» қырғыз-түрік лицейлері мыңдаған баланы оқытты. 2016 жылғы 16 шілде оқиғасынан кейін Қырғыз Республикасы бұл мектептер желсінің атауын «Сапат» мектебі деп өзгертті. Барлығы 16 лицейдің басын біріктірген оқу орындар желісі Бішкек, Ош және Жалалабад қалаларында оқушыларға білім береді.