Каспий теңізінің су деңгейі төмендеп барады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «ECOJER» халықаралық конгресі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Каспий теңізі де жеке назар аударуды талап етеді. 2006 жылдан бастап теңіз деңгейі төмендеп келе жатыр. 2020 жылға қарай теңіз деңгейі 1 метрден астамға төмендеп, Балтық жүйесі бойынша минус 28,23 метрге жетіп қалды. Каспий теңізінің тарихына қарағанда, теңіз деңгейінің минус 28,5 метр белгіге төмендеуі оның экожүйесі үшін қатерлі саналады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, бұл жайт Каспий теңізінің әсіресе қазақстандық секторындағы жағалау белдеуінің өзгеруіне алып келді.
«Осы аралықта теңіздің су бетінің ауданы 22 мың шаршы шақырымнан астам қысқарды. Бұған қоса, оның жартысы Солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігіне тиесілі», - деді Мағзұм Мырзағалиев.