$ 494.87  520.65  4.91

Президенттің екі жылы: Қазақстандағы реформаларға оң баға беріліп жатыр

Қазақстанда кейінгі 2 жылда қол жеткен, алға қойған мақсаттарды еңсерген жетістіктері баршаға белгілі.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда Президент сайлауы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Содан бері тура екі жыл уақыт болды. Сайлаудан кейін 12 маусымда Қазақстан Президентінің ұлықтау рәсімі ұйымдастырылып, Мемлекет басшысы қызметіне ресми кірісті.

«Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз – бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!», - деді Қ. Тоқаев 2019 жылы елордада Тәуелсіздік сарайындағы ұлықтау рәсімінде.

«ҚазАқпарат» ХАА Тоқаев президенттігінің екі жылындағы маңызды мәселелерге шолуды ұсынады.

Азаматтардың несиесін кешіру

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» №34 Жарлығына түсініктеме берілген болатын.

Президенттік науқан кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық негізінде Елбасының Стратегиясын жүзеге асыру ісін жалғастыруға, соның ішінде аса өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге уәде берді. Осы орайда Президенттің атына кепілсіз тұтыну несиелерін төлеуге қатысты азаматтардан көптеген өтініштер келіп түскені айтылды.

Сондықтан, Қ. Тоқаев бұған дейін жасалмаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа қол қойылды. Басты мақсат - қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы 500 мыңнан астам адамның несиесі жабылды.

Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы

«Үкімет халықтың өтінішін тыңдап, жергілікті мәселелерді шешіп, азаматтарға үнемі есеп беріп отыруға міндетті». Бұл ережелер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында көрсетілген. Мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық сұхбат, ашықтық, адамдардың қажеттіліктеріне тез жауап беру деп анықтайды.

Бұл ретте Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасын қалың жұртшылық жақсы қабылдады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімді тетіктерінің бірі - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі болды. Оның міндеттеріне қоғамның, саяси партиялардың және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу кіреді. Кері байланыс тиімділігін арттыру мақсатында әрбір орталық және жергілікті атқарушы органда азаматтарды қабылдаудың тұрақты пункттері құрылып, тұрғындармен жедел және тікелей кері байланыс орнатылып, онлайн қабылдау бөлмелері ашылған. Президент Әкімшілігінде негізгі міндеті азаматтардың өтініштерін қарау сапасын бақылау болып табылатын арнайы бөлім құрылған.

2020 жыл – пандемия жағдайындағы қадамдар: бизнес пен әлеуметті қолдау

2020 жыл әлемнің бір бөлшегі Қазақстан үшін де оңай болған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің өршіп, тез таралуына байланысты халыққа Үндеу жариялап, елімізде 30 күндік төтенше жағдай енгізілді. Мемлекет басшысы індеттің салдары ауыр болатынын, онымен қатаң тәртіп арқылы күреспесе болмайтынын айтып, соған сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Президент тапсырмасымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында шұғыл түрде жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханалары, провизорлық стационарлар салынды. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. Халық тұрмысына тікелей әсер ететін коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Банктер кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін 3 айға шегерді. Табысынан айырылған азаматтар үшін бұл үлкен көмек болды.

700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Осы ретте 2020 жылы 492,5 мың педагогтің жалақысы 25 пайызға өскенін маңызды болды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақы тағы да 25 пайызға ұлғайтылды. Ал педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің стипендиясы 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласы бойынша дәрігерлердің еңбекақысын көтеру бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен коронавирусқа қарсы QazCovid-in вакцинасы әзірленді.

Сонымен қатар, дағдарысқа қарсы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы іске қосылды. Оны жүзеге асыру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Пандемияның ауыртпалығына қарамастан, өндіріс көлемі 1,5 есе, ауыл шаруашылығының өнімділігі 2,5 есе, экспорт 2 есе ұлғайды.

Айтпақшы, Қасым-Жомарт Кемелұлы карантин талаптарын қатаң сақтауды өзінен бастап, өзгелерге үлгі көрсетті. Айталық, Президент биылғы шетелдік және ел ішінде жоспарланған ресми және жұмыс сапарларын кейінге шегерді. Мемлекеттік қызметшілер мен басқа да лауазымды тұлғалардың шетелдерге іссапармен баруына тыйым салынды.

Президентің тапсырмасы бойынша бюджет қаражаты халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттау үшін қайта қаралды. Атап айтқанда, жоспарланған барлық іс-шаралар онлайн форматқа көшірілді. Еліміз бойынша қашықтан оқу, қашықтан жұмыс істеу тәсілі енгізілді. Пандемия кезіндегі үнемделген қаражат экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, дағдарыстан зардап шеккен халықтың әл-ауқатын арттыруға және басқа игі істерге жұмсалды. Президенттің тапсырмасы бойынша пандемияның салдары мен экономикалық дағдарысты еңсеруге 5,9 триллион теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Қоғамдық-саяси реформалар оң бағалануда

Шетелдік көшбасшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларға оң бағасын беріп жатыр. Атап айтқанда, еліміздің Өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қою туралы Мемлекет басшысының шешімін сарапшылар жақсы бағалады.

Айта кетейік,тарихи әділдікті қалпына келтіріп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекет басшысы 2020 жылы 30 мамырда үндеу жариялады.

Президент сол үндеуінде «Жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау баршамыздың перзенттік борышымыз» деп атап өтіп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде бүгінге дейін жүргізілген жұмыстарды соңына дейін жеткізуді тапсырды. Соның нәтижесінде Президент Жарлығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, 3 желтоқсанда оның алғашқы отырысы өткізілді. Мемлекеттік комиссия құрамында Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары бар. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев төрағалық ететін Комиссияға 49 азамат мүше боп кірді.

Зейнетақы жинағын пайдалану

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында әлеуметтік сала бойынша бірқатар тапсырма берген еді. Оның ішінде біраздан бері талқылауда болған зейнетақы жинағын баспана сатып алуға жұмсауға қатысты мәселеге де нақты шешім жасалды.

«Менің тапсырмамның аясында өзінің жеке зейнетақы жинағын пайдалану мәселесі талқыланған болатын. Бұл қазірдің өзінде де өзекті болып отыр. Дегенмен, 2021 жылы Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының 700 мың салымшысы баспана сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына өз жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын болады», - деді ҚР Президенті.

Атап айтқанда, бүгінге дейін 16 075 қарыз алушы бұған дейін банктерден тұрғын үйлері үшін алған жалпы сомасы 62 миллиард 41 миллион теңге ипотекалық қарызын толық өтеді.

47 133 қарыз алушы жалпы сомасы 144 миллиард 53 миллион теңге болатын тұрғын үй ипотекалық қарыздарының бір бөлігін өтеу үшін біржолғы зейнетақы төлем жүйесін пайдаланды. 8 889 қарыз алушы банктерден жалпы сомасы 150 миллиард 361 миллион теңге болатын тұрғын үй ипотекалық қарыздарын алу үшін алғашқы жарна ретінде біржолғы зейнетақы төлемі қаражатын пайдаланды.

Жерді шетелдіктерге беруге тыйым салынды

Биыл мамыр айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2016 жылғы ҚР Президентінің Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына жекеменшікке беруге мораторий енгізілді.

Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заңнама жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Президент 12 наурызда осындай заң жобасын Парламентке жібергенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтарына қатысты мораторий нормалары бойынша, сондай-ақ жер заңнамасын жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Жер реформасы бойынша комиссия құруды тапсырды.

Барлығы Жер комиссиясының құрамына 80 адам кірді, олардың 75 пайызы азаматтық қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар болды.

Жер реформасы жөніндегі комиссия 2021 жылғы 25 наурызда жұмысқа кірісіп, 24 сәуірде жұмысын аяқтады. Комиссияның 5 отырысы өткізіліп, онда 120-дан астам ұсыныс көтеріліп, жер заңнамасын жетілдіруга байланысты бірқатар жүйелі ұсынымдар әзірленді.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсыныстарын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды.

Парламент Мәжілісі аталған құжатты мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады.

Бұл тұрғыда жерді пайдаланушылардың құқықтарын қорғау мен жауапкершілік күшейтіледі. Сонымен қатар, қазақстандықтарға жекеменшікке жер беру мәселесі бойынша нақты келісім болмағаннан кейін, ұсыныс бойынша мораторий 5 жылға ұзартылып жатыр.

Сайлау: партиялардің өту шегі төмендеп, «бәріне қарсымын» бағаны бекіді

Жақында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.

Президент тапсырмасымен әзірленген құжаттағы басты жаңалық : Мәжіліс пен мәслихат сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеді. Аталған шешім саяси бәсекені күшейтіп, сайлау үдерісіне тың серпін берері сөзсіз. Бұдан бөлек, еліміздегі сайлау жүйесі жаңа талаптар бойынша жұмыс істейді. Атйа айтқанда, аудандық деңгейдегі қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері сайланады. ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, бұл – жергілікті жердегі мемлекеттік басқаруға халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз ету жолында жасалған бірегей қадам. Биыл осы заң бойынша 800-ден астам елді мекенде әкімдер сайлауы өтеді.

Оған қоса, бұдан былай сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсы» деген баған енгізіледі. Бұл сайлаушылардың таңдау құқығын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Осылайша, Президенттің бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың бірінші, екінші және үшінші топтамасында көзделген негізгі ұсыныстар заң нормаларына айналып, іске асты. Мұның бәрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында көтеріліп, пысықталғанын білесіздер. Шын мәнінде, бұл – Мемлекет басшысы баса мән беріп отырған Қазақстандағы саяси диалогтың нақты жемісі»,-дейді Ерлан Қарин.

Айта кетерлігі, Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің тұсында мемлекеттің заңнамалық базасында маңызды жаңартулар болды. Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстар туралы», «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңдары және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы жетілдірілді. Өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесінде бейбіт жиналыстар өткізу мүмкіндігі айтарлықтай өзгерді, саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар жеңілдетілді, парламенттік оппозиция институты құрылды.

Осының барлығы елдегі өзгерістердің бір бөлігі ғана. Қазақстанда кейінгі 2 жылда қол жеткен, алға қойған мақсаттарды еңсерген жетістіктері баршаға белгілі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары