Саясат 15.06.2021 сағат 00:23

Алматы әкімдігі Құлыбаевтың компаниясы салып жатқан құрылысты тоқтатты

Әкімдіктің құрылысты тоқтату туралы хабарламасы уақытша шешім. Мәселенің нүктесін сот қояды.
Алматы әкімдігі Құлыбаевтың компаниясы салып жатқан құрылысты тоқтатты
Фото: politic.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Алматы әкімдігінің жоспарлау және урбанистика басқармасы Достық көшесі 125/1 мекенжайында салынып жатқан жоғары класты тұрғын үй кешенінің сәулет-жобалау тапсырмасы мен эскиз жобасының күшін жойған. Бұл – құрылыс салуға рұқсат беретін құжаттар. Жердің иесі және құрылыс жүргізіп жатқан компания экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа қарайды, деп жазады Азаттық. 

- Олар құрылыс аумағына кіріп-шығатын жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша шартты орындамаған. Бұл тұрғындардың да наразылығын тудырды. Гараждардың барлығын сатып алуы тиіс еді. Бірақ олар жартысын ғана сатып алған. Сол себепті құрылысты тоқтаттық, - деді басқарма басшысы Алмасхан Ахметжанов.

Ахметжановтың айтуынша, басқарма тұрғындардың наразылығы күшейгенін де ескерген. Үй іргесіне жақын жерден тұрғын кешенін салуға адамдар жиі қарсылық білдірген.

"Enterprise Development Group" компаниясы жақында құрылысқа кіріскен. Аумағы 8 мың шаршы метрден асатын телім 2003 жылы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығынан» «KIT group» компаниясына жекешелендірілген. Басылымдарда бұл компанияның да Құлыбаевтар отбасына тиесілі болғанын жазады.

"Enterprise Development Group" заңгері Евгений Зеленский Азаттыққа 7 маусымда компанияның барлық құжаты дұрыс, құрылысты тоқтатпаймыз деп мәлімдеген. Ол тұрғындардың талабы орынсыз деген пікір айтқан. Компанияның құрылтайшылары тізімінде Тимур Құлыбаев иелік ететін «Кипрос» компаниясы, ұлы Алтай Асқар (Құлыбаев) және Артур Арғынғазин бар. Арғынғазин – Құлыбаев компанияларында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан адам.

Әкімдіктің құрылысты тоқтату туралы хабарламасы уақытша шешім. Алмасхан Ахметжанов алдағы уақытта "Enterprise Development Group" басқарманы сотқа беруі мүмкін дейді. Мәселенің нүктесін сот қояды.

Құрылыс маңында тұратын адамдар 14 маусымда "аумақта ірі техникалар бар, бірақ жұмыс тоқтап тұр" деді. Олар телімнің медицина мекемесіне қайтарылуын талап етеді.

Азаттық даулы құрылыс туралы бір апта бұрын сюжет әзірлеген. Тұрғындар құрылыс аумақты одан сайын тарылтатынын, акушерлік және перинатология орталығының жұмысына кедергі болатынын айтқан. Телім орны бұрын бақ болған.

Биыл қаңтарда Тимур Құлыбаев компаниялары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жерінің бір бөлігін иемденгені қоғамда шуға айналған. Білім және ғылым министрлігі ақпаратты растағанмен жерді университетке кері қайтару мәселесі көтерілген жоқ.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар