Бекболат Қаржан есімді журналист кейінгі кездері қазақтың бойынан жиі байқалып жүрген жаман әрекетті сынап пост жазған. Оның айтуынша, қазақтың бойынан сыйластық, құрмет деген дүниелер кетіп барады. Керісінше, көбі диктатор болып алған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қазақтың аса көп бөлігі диктатор. Әсіресе басшы болып жүргендері. Шындықты айтсаң, тұншығып, дем жетпей қалады. Ойлама сен, диктатор тек билікте ғана деп. Диктаторлық Ақордадан ауылдағы қазағыңа дейін шырмап алған. Фирма, компания, ТОО, ИП, мектеп тағысын тағылар... Бәрінде солай.
Тіпті, күзетте отырған охранға дейін диктатор.
Қоқырайғанын көрсең, еріксіз мырс етесің.
Диктатор болмасаң, сені өздері диктатор қылады. Диктатор болсаң, билігің болса, жылмыңдап, қалай болсын солай басқаруға көнеді.
Сендер қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар. Бұл заңдылық қой. Қандай қателік көріп тұрсың?
Не сонда билікте отырғандар Марстан келіп пе?
Осы ортаңнан шықты емес пе?
Қазақ қоғамына өркениетті сана келуі үшін әр қазақ өзін сыйлауды бастауы керек. Әйтпесе, өркениетті қоғам жоқ. Ғылым жоқ. Мәдениет жоқ. Білім жоқ.
Біз тегіс материалистпіз. Ақшаны барлық құндылықтардан алға шығарып жібердік.
Біз осылай өзімізден өзіміз ұтылдық.
Біздің шындығымыз осы. Сосын ғой, күн сайын ту-талақай болып қырыламыз да жүреміз», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.