Белгілі сарапшылар еліміздегі қымбатшылықтың қолдан жасалып отырғанын айтып дабыл қағып жатыр. Мәселен, қаржы сарапшысы Мұрат Оспанұлы биылғы қымбатшылықтың шектен шығып отырғанын әрі оның экономикалық факторларға бағынбай отырғанын атап өткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сарапшының айтуынша, бұл жолғы қымбатшылық қолдан жасалып отыр.
«Жыл басынан бері құрылыс заттары орташа есеппен 70-80 пайызға, ауыл шаруашылығы саласының негізі өнімдері – сұйық май, картоп, сәбіз шамамен 110-120 пайызға, коммуналдық төлемдер 50-60 пайызға қымбаттаған. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан бері қымбатшылықтың негізгі себебін әлемдік саудада мұнай бағасының төмендеуімен, есесінен теңгеміздің әлсіреуімен, импорттық тауарлардың қымбаттауымен түсіндіруші едік.
Бір қызығы биылғы қымбатшылық керісінше себептерде орын алып отыр. Мұнай бағасы жыл басынан бері үздіксіз көтеріліп келеді. Дәл бүгінгі күні «бөшке» мұнайымыз 74 доллардан асты. Шамамен 500 теңгеге барады деген бір АҚШ долларының өзі айтарлықтай арзандап, мамыр айының басында 431 теңге болса, дәл қазір 426,8 теңгені құрап отыр.
Осы жерде назарларыңызды аудартатын мәселе – ОСЫ қымбатшылыққа себепші үйреншікті немесе үйреншікті емес ешбір экономикалық факторлардың болмауы. Былайша айтқанда қымбатшылықтың тек қолдан жасалынуда», - деп жазған өзінің facebook парақшасында салық кеңесшілері палатасының 1 дәрежелі кеңесшісі Мұрат Оспанұлы.
Осылай деп атап өткен ол дәлел ретінде бірнеше факторды тізіп шыққан.
«Осылай деп тұжырым жасауыма түрткі болған төмендегідей негізгі себептерім бар:
1. Жанар-жағар майдың қолдан қымбаттатылуы.
а) Алдыменен авто-газ қымбаттады. Себебі ресми өкілдер айтатын әлдебір зауыттың уақытша тоқталуы немесе жөндеу жұмыстарына жабылуы, автокөліктердің 1,8 пайызға артуы, нәтижесінде газ тапшылығының туындауы емес, негізгі себебі Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 532-IV «Газ және газбен жабдықтау» Заңында кереғар өзгерістердің орын алуы. Былтырғы жылдары әлеуметтік маңызы бар көгілдір отынды өндірушілер өз өнімдерінің 80 пайызын «әлеуметтік» бағыты және белгіленген баға бойынша облыстардағы газ жинақтаушы нысандары бар (ГНС) арнайы аккредитациядан өткен мекемелерге берілетін. Қалған 20 пайызы ғана тауар биржасы арқылы жіберілетін. Дәл қазіргі таңда аталған заңға сәйкес автогаздың 50 пайызы көрсетілген тек тауар биржасы арқылы саудаланады. Заң бойынша мөлшерін алдағы шілде айында 60 пайызға жеткізу жоспарлануда. Нәтижесінде белгіленген бағамен берілетін және облыстарға тең таратылатын «әлеуметтік» газдардың 80 пайыздан 40 пайызға қысқартылуы, баға бекітілмеген биржада еркін айналымда сатылуы, әлеуметтік маңызы бар тауарды әлдебір компаниялар ақырында «алып -сату және пайда табудың» меншікті құралына айналдырды. Ал арнайы акредитациядан өткен, ГНС тары бар басқа да 500 ден аса мекемелер бүгінде ескерілмей, газ «монополиялық» делдалдардың қолына «оптом» өтуде. Нәтижесі – былтыр дәл осы уақытта 1 тоннасы 28 800 теңге тұратын әлеуметтік автогаз қазір биржада 110 000 теңгеден саудалануда. Көтеме бағамен мекемелерге 140 000 – 150 000 жеткізілінуде. Ал жанар май бекеттерінде әр тоннасы 161 200 теңгеден сатылуда.
б) Бензин мен дизель отынының қымбаттауы. Биылғы жылдың бас кезінде бензиннің қымбаттауын Үкімет жер қойнауын пайдаланушылардың өнімдерінің өзіндік құнының жоғары екендігімен және әрі қарай ішкі нарықта төмен бағамен саудалаудың мүмкін еместігімен түсіндірген болатын. Алайда, Қазақстан мұнайының өндірілуінде өзіндік құнының орташа есеппен қанша АҚШ долларын құрайтындығын ешкім айтып бере алмайды. Яғни, жер қойнауын бұрғылауда капитализацияланған шығындардың ортақ мемлекттік аудиті жоқ, бағасы жоқ!
Тек бірнеше жыл бұрын мұнай бағасы әлдемде 28 доллардан төмен шөккенінде «біздің жер қойнауын пайдаланушылардың қауіпі жоқ, өйткені олардың әр мұнайының барелінің өзіндік құны 22-25 доллардан» деген министрліктің түсіндірмесі барлығымыздың есімізде. Олай болса «мұнайды жеткізушілер (поставщики нефти), өндірушілер және жер қойнауын пайдаланушылар» тарапынан бір тарапты бағаның негізсіз өсірілуі былтырғы жылы 150 теңгеден саудаланған АИ 92 маркалы бензиннің литрі бүгінде 170 теңгеге өсуіне әкеліп соқты. Ал сол кездегі дизель бағасы 170 теңгеден болса қазір 200 теңгеден. Осында айтарымыз, «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 20 шілдедегі № 463-IV Заңына» өзгерістер енгізіп, осы заң қамтамасыз етіп отырған субъектілерінің баға қоюдағы шекті мөлшері айқындалуы тиіс!
Қосымша қосарымыз, еліміздегі мұнай өндіруші әр зауыттың тек өз жеке тасымалдаушысы бар. Олардан басқа тасымалдаушыларды зауыттар территориясына кіргізілмейді де. Олар өздерінің манополистік жағдайларын пайдаланып мұнай өнімдерін тасымалдауда өз қызметтерінің бағасын тым асқақтатып отыр. Жоғарыдағы заң Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн тасымалдаушыларды да қамтып, олардың да шекті бағаларын көрсетуі тиіс.
2. Импорттық баж салымдарының өсірілуі. Жалпы экономикалық әлеуметімізді арттырғымыз келсе Еуразиялық экономикалық одақ бекіткен импорттық баж салықтарын қайта қарасырғанымыз дұрыс. Себебі – жыл баснан бері әр түрлі импорттық тауарларға салынатын баж салықтары орташа есеппен 50 пайызға өскен. Қытайдан келетін арзан тауарлардың үлесі осылайша нарықта азайып, керісінше қымбат Ресей импортының құрсауында қалып отырмыз. Аталған себептің еш экономикалық негізі жоқ, керісінше санкциялар құрсауында жан ұшырып, кедендік одақта импорт-экспорттық үлесін (90 пайызын) қалайда сақтап қаламын деген көрші Ресейдің «КСРО-2» саяси жобасы екендігін түсінгеніміз жөн!
3. Ақылы жолдардың пайда болуы немесе олардың ақысының қымбаттауы. Аталған мәселе соңғы айларда бірнеше рет көтеріліп, қымбатшылыққа негізгі себеп болып отырғандығы әр жерлерде айтылып жүр . Жол ақысын осылайша қолдан қымбаттатамыз деп әлеуметтік маңызы бар тауарларды тасымалдауды да қымбаттатып, ақырында бағасын да аспандатып отырғандығымызды білгеніміз жөн!», - деп атап өткен қаржы сарапшысы.