Қазақстанда жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта өтеді. Бұл туралы Ақорда сайтында хабарланды.
«Мемлекет басшысы биыл дәстүрлі форматта өтетін жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын қазірден бастап қолға алу қажет екенін айтты. Оның айтуынша, көптеген білім ордалары бір жылдан астам уақыт толыққанды жұмыс істемеді. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев университеттердің, мектептер мен балабақшалардың инфрақұрылымдарының дайындығын, сонымен қатар оқытушылар мен тәрбиешілер штатының жасақталу деңгейін тексеруді тапсырды», - делінген Президент сайтындағы жарияланымда.
Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «біздің білім беру жүйеміз келесі оқу жылында қашықтан оқуға төтеп бере алмайды, оның ішінде балалар да» деген болатын. БҒМ басшысы республикалық педкеңесте барлық мұғалімді коронавирусқа қарсы екпе алуға шақырды.