$ 447.4  477.55  4.76

«Президент Тоқаевтың келеңсіздіктің алдын алуды мақсат еткені көрініп тұр» - Ауыт Мұқибек

Қоғам қайраткері жемқорлықты түп-тамырымен жоям деп келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзін сан-саққа жүгіртіп, әуре болудың қажеті жоқ екенін ескертті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егер мемлекеттік қызметкер шешім қабылдау кезінде бюджет қаражатын жымқырамын немесе пара алу арқылы заңсыз жолмен байимын деген арам пиғылсыз қателік жасап қойса, қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек», – деген сөзі біраз дауға жем тастады. Мұндай пікірді қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

«Кландар ара тартысы, билікке талас және мүдделер қақтығысы қай елде де бар. Сол қатарда, бұл індеттен Қазақстан да құр алақан емес, Есілдің беті тып-тыныш көрінгенімен, астында не хикіметтердің болып жатқанын бір құдайдың өзі біледі. Кландар шабуылына көбінесе өз білім-қабілетімен, дара дарынымен топ жарып шығып, ұлтына адал қызмет еткісі келетін интеллектуалды тұлғалар ұшырап жатады. Тіпті, мерт болып кетуі де мүмкін ондайлар. Кейбіреулер Отанынан безіп кетуге мәжбүр болады. Себебі, ондай тұлғалар анау-мынаудың бармақ басты, көз қыстысына көне бермейді, ұлттың мүддесі, мемлекеттің тағдыры үшін ғана алған беттен қайтпай жұмыс істейді», дейді ол.

Оның айтуынша, Ерлан Арын, Жақсылық Досқалиев, Жақсылық Күлекеев, Серік Ахметов, Мұхтар Жәкішевтер сол кландар қақтығысы құрбандарының нақты мысалы.

«Сотқа тартылмағанымен, кезінде қызметтен шеттетіліп қалған Қажымұрат Нағыманов, Қуат Есімханов, кешегі Біржан Нұрымбетов секілді жігіттер де сол дауылға ұшырады деп ойлаймын... Осы азаматтардың бәрі болымыс-бітімі бөлек, ұлттық ұстанымы берік, нағыз іскер басшылар болатын. Егер, тізгінінен ажыратылмағанда, еліміздің дамуына қосар үлесі де аз емес еді. Міне, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы дәл осындай келеңсіздіктің алдын алуды мақсат еткені көрініп тұр. Орайы келіп тұрғанда ойға келген сөзді айта кеткен дұрыс, мен ешбір кланда жоқ, бірақ әділеттілік пен обал-сауапты ту қып ұстап келе жатқан Қасым-Жомарт Кемелұлының сол жайындардың қақтығысынан аман шығып, бүгінгі биігіне есен-сау жеткеніне, шынымды айтайын, мың мәрте тәубе деймін. Тек, осы адал ниет, жақсы бастама басқа мақсатқа жұмсалып кетпесе екен деген ғана тілек бар бізде», - дейді ол.

Қоғам қайраткері жемқорлықты түп-тамырымен жоям деп келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзін сан-саққа жүгіртіп, әуре болудың қажеті жоқ екенін ескертті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары