$ 444.32  473.33  4.76

Кремль Қазақстанды Батысқа қарсы бірлесіп күресуге үгіттеп жатыр

Кремль өкілі Қазақстанның Лукашенкодай “ләппай, тақсырға” салып, әлгі ұсынысты құптай жөнелерін күтсе керек. Біздің елдің Сыртқы істер министрлігі пәле іздеген Панкинге лезде жауап қатып, күллі одақтың атынан пікір білдірмеуді ескертіп өтті.
Фото: reuters
Фото: reuters

Мәскеу АҚШ пен Батыстың Қазақстанның шаужайына жармасқанын қалайды. Ақ орданың санкцияға ілікпей, дау-жанжалдан шалғай жатуы Кремльге шаншудай қадалыпты, деп жазады Dalanews.kz порталы. 

АҚШ? Атажауына қарсы Еуразиялық одақтың атынан қарымта қайтаруға шақырған Лавровтың  (Ресей СІМ, ред.) орынбасары Александр Панкиннің түнеукүнгі емеуріні ертеңгі күні нақты іс-әрекетке ұласатын сыңайы бар. 

Панкин АҚШ-пен арадағы айтыс-тартысты Еуразиялық одақтың көлемінде қарастырып, Қазақстанды Батыстың оппоненті ретінде көрсеткісі келген-ді. 

“Одақ елдеріне тізе батырғысы келетін пасық пиғылды күштердің бетін қайтару керекпіз, бұл мәселе күн тәртібінде тұр”, – деген еді Панкин. 
Кремль өкілі Қазақстанның Лукашенкодай “ләппай, тақсырға” салып, әлгі ұсынысты құптай жөнелерін күтсе керек. 

Біздің елдің Сыртқы істер министрлігі пәле іздеген Панкинге лезде жауап қатып, күллі одақтың атынан пікір білдірмеуді ескертіп өтті. Еуразиялық одақтың саясатпен қақ-соғы жоғын, ұйымның әуелгі мұраты алыс-беріс екенін және сонымен шектелу керектігін кезекті рет қаперіне салды. 

“Еуразиялық одақтың әу бастағы мақсат-мұратынан ауытқымаңыздар. Тек қана экономика және соның шеңберінен шықпау керегін ұмытпағайсыз, Панкин мырза. Ұйымды табиғатына жат, бөгде функциялармен былғамаңыздар. Одақты саясиландыруға қарсы екенімізді мәлімдейміз! Бұған қатысты бірталай мәжіліс өткізіп, мәселеге нүкте қойған секілді едік…

Батыс елдеріне шара қолдануды одақ ауқымында қарастыруға жол берілмейді. Батыс санкциясының саяси астары бар. Ол тұтас Еуразиялық одаққа емес, осы одақтың ішіндегі жекелеген мемлекеттерге бағытталып отыр”, – деп қысқа да нұсқа жауап қатты біздің ведомство.

Осыған орай The Insider-ке көлемді мақала берген белгілі саясаттанушы Аркадий Дубнов “Кремль Қазақстанның қыр соңына түсіп алды. Батысқа қарсы қоймайынша тыным таппайды” деген сыңайда сөйлепті. 

“Бұл түрімен Кремль Еуразиялық одақтың түбіне жетеді. Одақтың күйреуі Кремльдің кесірінен болады. Одақтастарының ойымен санаспаудың соңы соған әкеледі. Ресей осы отыз жылда Қазақстанның демографиялық құрамы үлкен өзгеріске ұшырап, бұл елде Мәскеудің позициясын құптай бермейтін тегеурінді аудиторияның қалыптасқанын аңғарар емес. 

Ақ орда көпвекторлы, сан салалы саясатынан ауытқымайды. Бұған бірінші кезекте осы елдегі қазақтілді аудитория жол бермейді. Олар Мәскеумен ауыз жаласқанша, Батыспен бірге болғанды жөн деп санайды.

Ең сорақысы ресейлік саясаткерлердің ой-өресі кешегі кеңестік кезеңнің түсінігінен әріге аспай тұр. Аз ұлттармен астамсып сөйлейтін синдром ресейлік саясаткерлер мен дипломаттарды түптің-түбі орға жығады.

Олар осы арқылы Мәскеуге қарсылықты одан әрі үдетіп, Кремльге өштікпен қарайтын аудиторияның санын ұлғайтып жатыр. Өз обалдары өзіне. Қазақ қоғамы Ресей десе кірпідей жиырыла қалатын жағдайға жетті. Бұған Кремльдің өзі кінәлі.

Путиннің төңірегі кеңестік кезеңнің келмеске кеткенін, бір кездері қоластында болған елдерге бұрынғыдай әмірі жүрмейтінін пайымдай алмай өтетін шығар. Қазіргі Ресейдің ең үлкен трагедиясы осы…”, – дейді сарапшы. 

Ал пәле іздеген Панкинге біздің елдің билігі дер кезінде тойтарыс берді. Ілгерідегі мәлімдемеден кейін іле-шала Сауда және интеграция вице-министрі Жәнел Күшікова жауап қатып, Кремль өкілінің сөзін жоққа шығарды. 

“Бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Батыс пен АҚШ-қа Еуразиялық одақтың атынан ұжымдасып жауап қату ұйымның құзіретіне кірмейді. Қазақстан сыртқы саясатта ұстанған бағдарынан ауытқымайды, принципі мен позициясынан таймайды”, – деді ол. 

Ал Аркадий Дубнов уақыт өте Мәскеу мен Батыстың арасы ушыға түспесе, бітісе қоюы екіталай деп пайымдайды. Ашуға булыққан Ресей жапан түзде жалғыз қалғанды қаламайды. Қазақстанды қайта қолқалап, Батысқа қарсы сөйлеуге итермелейді. 

“Қазақстан бас тартқан жағдайда осыған дейінгі ақпараттық арандатуға қайта көшеді. Путин мен оның нөкерлерінің Қазақстанға қатысты күні кешегі мәлімдемесі аяқасты пайда болған жоқ. Мұның бәрі жоспарланған дүние. Ресей құзға құлауға шақ тұр. Біраз жалғыз құлағанда қаламайды…”, – дейді Дубнов. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары