$ 443.85  474.3  4.8

«Ұлттық жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс» - Тоқаев

Агенттік төрағасының баяндамасын және Кеңес мүшелерінің пікірін тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ұсыныс айтты.

Ұлттық жобаларды жүзеге асырудың пайдасы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында ұлттық жобалардың әзірленуі негізгі мәселе ретінде қарастырылды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттік пен Үкімет бірлесіп әзірлеген он ұлттық жобаны таныстырды. Бұл жобалар Жалпыұлттық басымдықтар мен 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын жүзеге асыруға бағытталған.

Агенттік төрағасының баяндамасын және Кеңес мүшелерінің пікірін тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ұсыныс айтты. Ол Үкіметті нақты, шынайы, халыққа түсінікті және олардың тұрмысын жақсартуға бағытталған міндеттерді шешуге шақырды. – Негізінде, ұлттық жобалардың әзірленуіне қатысты жұмыстарыңыздың мақсат-міндеттеріне бірыңғай түсінік керек.

Шын мәнінде, мақсат бөрікті аспанға ататындай және артық теорияландыратындай емес, прагматикалық тұрғыда болуы тиіс. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес «қиялилардың клубына» айналмауы қажет. Кабинетіміздің сыртындағы өмір күрделі бағытта дамуда. Қазір біз ең қажетті деген азық-түлік бағасының шарықтауына, жалпы инфляцияның өсуіне қатысты шешім қабылдауға мәжбүрміз.

Бұдан бөлек халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қыруар мәселе бар. Мысалы, қуаңшылық мал шаруашылығына кері әсер етіп отыр. Біз қалыптасқан жағдайға шынайы қарайық. Бұл жерде алдымызда тұрған міндетті терең түсініп, үйлесімді жұмыс істеу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық жобаларды жүзеге асыруға өте көп қаржы бөлінетінін айтты. – Осыған байланысты мені жемқорлық мәселесі қатты алаңдатады. Ірі жобаларды жүзеге асыруға байланысты, әсіресе, инфрақұрылымдық құрылыс саласында, мол қаржы туралы ақпарат шыға салысымен-ақ, мұндай жобалар жіті бақылап отырған «әккі аңшылардың» назарына бірден ілігеді. Олар бөлінген қаржының бір бөлігін қалталарына басып қалуға тырысады. Әңгіменің ашығын айтайық. Мұны бәріміз білеміз. Сондықтан Үкімет пен тиісті агенттікке аталған мәселені мұқият қарауды ескертемін. Ұлттық жобаларды жүзеге асырудың пайдасы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары