Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелде жүрген оппозиционерлердің сынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ондай адамдар – қорқақтар. Айтқың келсе, осында келіп айт. Өзіңе сенімді болсаң, барық қиындықты көтеріп, дәлелдеп бер. Әйтпесе, осында ақшаның бәрін ұрлап кеткен дұрыс емес қой", - деді Назарбаев "Штрихи к портрету" деректі фильмінің кезекті сериясында.
Дегенмен, Елбасы өзін қатты қынжылтатын нәрсені айтты.
"Мен ол адамдарды көтеріп, біреуін министр, біреуін банкир, біреуін бай қылдым. Олар болса, ақшаны ұрлап-ұрлап, тексеріс келеді дегенде табандарын жалтыратты. Барлығы сондай. Адал еңбекпен ақша тауып, шетелге көшіп кеткен біреуін де таппайсыз. Барлығы – қашқындар. Сол үшін қынжыласың. Бірақ сатқындардың өмірі дұрыс бітпейді", - деп атап көрсетті Назарбаев.
Елбасы шетелдегі оппозиция үшін еш алаңдамайтынын да ашық айтты. Оның ойынша, елге және халыққа қарсы шыққан әрбір сатқынның ішінде бір "құрт" отырады. Содан халық арасына бүлік салғысы келіп тұрады.
"Мен еш алаңдамаймын. Олар тиісті нәрсесін алады", - дейді Назарбаев.