Әлеуметтік желі қолданушылары коронавирус дертіне қарсы отандық QazVac вакцинасының ресейлік «Спутник V» екпесінің көлеңкесінде қалып қойғанын айтып дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, бұл отандық медицинаға «анти-реклама» болып, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Мәселен, қоғам белсендісі Асхат Қасенғали Елбасы мен Президенттің QazVac емес, ресейлік «Спутник V» екпесін алғанына таңғалыс білдіген.
«Неге Елбасы да, президент те «Спутникті» қабылдады? "Казвак" ше? Отандық ғылым ше? Өз вакцинасы жоқ ел болсақ түсінер ем. Мысалы мен әлі вакцина алмадым, себебі денсаулығыма байланысты басқа дәрі ішіп жүрмін. Бірақ міндетті түрде вакцина аламын алдағы уақытта. «Казвакты» аламын деп жүр едім, ең биік лауазым иелері алмаған соң ойланып қалдым. Отандық өнімді қарапайым халық қолдау үшін алдымен жоғары жақ қолдауы тиіс деп санаймын. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Айтпақшы тағы бір журналист Нұргелді Әбдіғани да отандық вакцина тұрғанда ресейлік екпенің жарнамалануы дұрыс еместігін атап өткен.
«Айтпағым неге бізде таңдау жоқ? Ресей мен Қытайдың вакцинасы ғана. Көбі Ресейдікі. Ал өзіміздікін өзге түгілі Назарбаев пен Тоқаев та мойындамайды. Мойындаса, Ресейдің вакцинасын салдырмайтын еді ғой. Ресей вакцинасы үшін Путинге қайта-қайта рахмет айтып, «реклама» жасамаушы еді ғой. Назарбаевтың әлгіндегі вакцина алған суретін Ресей сайттары, сайттары түгілі телеграм каналдары жерден жеті қоян тапқандай жазды. «Назарбаев Ресей вакцинасын алды», деді, әне көріңдер дегендей. «Реклама» дегеніңіз осы. Сосын кеше ол, тағы. «Мен ауырғанда орыс доқтырлар 10 күн төсегімді күзетті, сол шешуші рөл ойнады», деді, солардың арқасында ғана аман қалғанын айтқандай болып. Мұнысы Қазақстан медицинасына нағыз «анти-реклама» болды. Кіріптарлықтан делік, саясаттың салтымен солай депті дедік, бәрібір. Анау мәскеулік «ұзынтұра» миығынан күліп отырды. Көрдік. Соның орнына, Назарбаев «ҚазВакты», салдырдым десе ғой. Отандық өнімге жарнама һәм насихат болушы еді. Ол бірақ, өйтпеді. «Спутник алдым", деді. «Қарағандыда сендермен бірлесіп, сендердің вакцинаны шығарып жатырмыз», деді. Ал өзіміздікі туралы сөз естімедім», - деп атап өткен жазба авторы.