Саясат 08.07.2021 сағат 15:20

Ауыл әкімдерінің сайлауы: Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді

Биыл Ақмола облысында 95 әкім ауысады.
Ауыл әкімдерінің сайлауы: Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді
Фото: ашық дерекөз
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Елмен етене араласып, мемлекеттік қызметте еңбек етуі үшін ауыл әкімінде біліммен қатар тәжірибе де болуы қажет. Бұл – Шортанды аудандық мәслихатының депутаты Нұргүл Жұмкейқызының пікірі.
Биыл Ақмола облысында 95 әкім ауысады. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Әзірге тек 42 кандидат тіркелген: оның 29-ы – саяси партиялардан және 13-і өзін-өзі ұсынушылар. Сайлау 200-ден астам елді мекенде өтеді және 100 мыңға жуық тұрғынды қамтиды. 

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – еліміз үшін өте маңызды қадам. Осы ретте, тұрғындардың белсенділігі де көп рөл атқарады. Әр ауыл тұрғыны өз таңдауын жасауға құқылы. Оған ешкім кедергі жасай алмайды. Бәсеке болуы да заңды. Алдағы жылдары жүйе жетілдіріледі, ал болашақта жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлауға қол жеткіземіз. Және біз сол уақытқа дейін қазақстандықтар кандидаттарды тікелей сайлап қана қоймай, олардың сайлауалды бағдарламалары мен өмірбаяндарына үңіле алады деп үміттенеміз, - дейді Нұргүл Жұмкейқызы. 

Оның пайымынша, үміткер міндетті түрде білімді, ел мен жердің жайын түсінетін, ауылдың тынысымен таныс болуы тиіс. 

Сайлау мәдениеті төменнен қалыптасқаны дұрыс. Ауыл әкімдігіне үміткерге қойылып отырған талаптар орынды. Заң талаптарына сәйкес ауыл әкімдігіне үміткер алдымен мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс. Солтүстік өңірді қазақыландыру саясаты бойынша еліміздің оңтүстігінен көптеген отбасылар көшіп келіп жатыр. Осы ретте тұрғындармен түсініспеушілік туындамауы тиіс. Сондай-ақ үміткердің ауыл шаруашылығынан хабары болғаны жөн. Ауыл тұрғындарының өз қажеттіліктері бар, ол қалалықтардан мүлдем өзгеше. Демек, әкімдікке кандидат ауылдық жердегі өмірдің ерекшелігін және сол өңірді жете білуі тиіс, - дейді халық қалаулысы. 

Депутаттың пікірінше, өзін-өзі ұсынған адамдар алдағы науқанда белсенділік көрсетуі керек. Халық сайлағаннан кейін әкімнің тұрғындар алдында жауапкершілігі артады. Өйткені халық алдында есеп бергенде өзінің сайлауалды уәделерін орындамаған жағдайда халық, жергілікті қоғамдастықтың осы әкімді лауазымынан уақытынан бұрын шектеуге ұсыныс беруге құқығы бар.

Сайлауда саяси партиялардан белсенділік күтемін және қазірдің өзінде партиялардың көпшілігі әкімдікке өз кандидаттарын ұсынуға дайын екендіктерін мәлімдегенін көріп отырмын. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың да тәуелсіз партиясыз адамдардың да дауысқа түскенін қалар едік. Өйткені олар өздерінің ауылдық елді мекендердің тыныс-тіршілігін, онда қандай өзекті мәселелер бар екенін және оларды қалай шешу керектігін жақсы біледі. Кандидат ауылдан шықса, тұрғындар оның жергілікті халыққа көмектесе алатынын түсінетін болады. Адамдар қолдауды сезінеді. Ауылдық деңгейдегі әкімді сайлау науқанында бұл өте маңызды, - деп санайды Нұргүл Жұмкейқызы.

Оның пайымынша, басқарушы кадрларды сайлаудың неғұрлым әділ тетігі ретінде тікелей сайлау институтын енгізу басқа деңгейлерде де жалғасуы тиіс. 

Әкімдердің сайланбалылығы бұрын да болды, бірақ тікелей сайланған жоқ. Әкімдерді мәслихаттар сайлады. Енді заң бойынша азаматтардың өздері аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кент әкімдерін сайлайтын болады. Шынында да, көптеген шет елдерде аймақтық мэрлер мен судьялардың сайлануы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Сайланған әкім сайлаған тұрғындар алдында жауапты болады. Ең бастысы елді мекендердегі сумен жабдықтау, жолдарды күтіп-ұстау, абаттандыру және басқа да өмірлік маңызы бар бірқатар мәселелер бойынша әкімдердің шешімдер қабылдаудағы қызметінің тиімділігін арттырады. Осылайша, ауыл әкімдері жергілікті бюджетті бөлудің жекелеген мәселелері бойынша басқарушылық қана емес, қаржылық дербестікке де ие болады, - деп сөзін түйді Нұргүл Жұмкейқызы. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар