$ 494.87  520.65  4.91

Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін министрлер кабинеті доғарысқа кетуі мүмкін бе?

Елдің біраз аймағында болып жатқан қуаңшылық пен қымбатшылық, инфляция сияқты мәселелер де әңгіменің өзегі болатыны даусыз. Нақты Үкімет жұмысына қатысты біраз сын айтылуы тиіс.

Осы сенбі яғни 10 шілде күні күні Мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысын өткізеді. Президенттің төрағалығымен өткізілгелі отырған кеңейтілген отырыс бейнебайланыс режимінде өтеді. Жиында негізінен еліміздің биылғы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланады деп күтіліп отыр.

Белгілі саясаткер, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның ойынша, бұл жиында бұдан да маңызды мәселелер көтерілуі тиіс. Нақты айтар болсақ, Мамин үкіметінің жұмысына қатысты біраз сын, мін айтылмақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

"Бұған негізінен дәстүрлі түрде жылда өткізілетін межелі жиынның бірі деп қарауға болады. Алайда биыл мазмұны жағынан біршама өзгеше әрі қызу өтеді деп ойлаймын. Өйткені, осы жылдың бірінші шілдесінен бастап еліміз жаңаша басқару және жоспарлау жүйесіне өтіп жатыр. Бұрын мемлекеттік бағдарлама деген дүниелер бар еді. Енді ұлттық жоба деген бастамамен жаңаша өткізіліп жатыр. Бұл елімізге жаңа жауапакершілік жүктегелі отыр.

Екіншіден, бұл дәстүрлі жиында өткен жарты жылдықтың нәтижесі қорытындыланады. Отырыс барысында осы аралықтағы жетістіктер мен кемшіліктер ашық айтылады деп ойлаймын. Өйткені бүгінде күн тәртібінде біршама өзекті өзекті мәселелер жиналып қалды. Ол, әрине, коронавирус пандемиясы, вакциналау барысы. Сонымен қатар елдің біраз аймағында болып жатқан қуаңшылық пен қымбатшылық, инфляция сияқты мәселелер де әңгіменің өзегі болатыны даусыз. Нақты Үкімет жұмысына қатысты біраз сынайтылуы тиіс", - дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, үкіметтің жұмысы өте баяу болып отыр.

"Қазіргі уақытта елді тығырыққа тіреп отырған қымбатшылық, қуаңшылық секілді жайттардың барлығы да негізінен Ауылшаруашылығы министрлігіне тікелей қатысты дүниелер.  Нақты айтар болсақ, ең басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, осы саланы қадағалайтын вице-премьердің тікелей міндеті. Менің ойымша ең алдымен осы тұлғалар асқан белсенділік танытуы тиіс еді.

Өкінішке қарай, осындай сәттердегі жұмыстардың барлығы жергілікті әкімдерге жүктеліп қойылып отыр. Ол мүлдем дұрыс емес. Мұндай қиын сәтте барлық мәселені аймақ, облыс деңгейінде қалдырып қояға болмайды. Ол үлкен координацияны қажет етеді. 

Басқа аймақтардан жем-шөп алдырудың өзі белгілі бір тапсырыстар мен бұйрықтарды қажет ететін дүние. Осындай дүниелерді ескеретін болсақ, үкіметтің жұмысы өте баяу болып отыр. Бұл жағынан толықтай мін айтуға, сынауға болатын дүние. 

Бәлкім мүлдем қол қусырып қарап деуге де келмейтін шығар. Атқарылған жұмыстар да көрінбей жатқан болуы да мүмкін. Бірнеше аймақта төтенше жағдай жарияланды. Бұл дегеніңіз жергілікті қорлар мен қаржы көздерін ашуға мүмкіндік береді. Осының негізінде біраз шаруа жасауға болады.

Екіншіден апат айтып келмейді. Табиғаттың құзырындағы дүниеге ешкім ештеңе істей алмайды. Алдын-ала болжап бірдеңе айтудың өз қиын. Қалай болған жағдайда да үкімет мүшелері елмен бірге болып халықтың ішінде жүруі тиіс. Көбірек кездесіп, жағдайды түсіндіру керек еді", - дейді Айдос Сарым.

Айтпақшы, қысқаша сұқбат барысында Айдос Сарым мырзадан "Мамин үкіметі ел сенімі мен Президенттің үдесінен шыға алды ма?" деген сауал қойған едік. Саясаткер ретінде онша көңілі толмайтынын меңзеді.

"Мамин үкіметі толық қанды үдеден шығып отыр деп айту қиын. Кез-келген жүйенің өзінің инерциясы болады. Бізде сол үкімет осындай бұрыннан бар бір инерцияның күшімен келе жатыр. Бір нәрсе айқын - қазір қоғам да заман да өзгерді. Алайда үкіметтің оған бейімделу динамикасы онша байқалмай отыр. Мемлекет болған соң көрсетілетін қызметтер мен халыққа жасалатын жұмыстардың деңгейі реттеліп, сапасы қамтамасыз етілуі керек. Ол мемлекеттің ең басты міндеті. Ал бізде ол бірдей болмай отыр.

Менің ойымша, елімізде үлкен реформалық өзгерістер жүріп жатыр. Оны жалпы қоғам болып, түсініп қабылдау керек. Бейімделу қажет, яғни қоғамдық сана қалыптастыру шарт. Біз әлі де болса, әлеуметтік желінің немесе басқаның жолымен жүріп, бәрін радикалды түрде терістеуге, жоққа шығаруға құмармыз. Бұл жалпы халық қана емес биліктің әр сатысында жүрген азаматтарға ортақ мәселе. Ең алдымен мемлекеттік мүдде тұруы керек. Одан кейін ғана жеке позиция тұруы тиіс. Осы сенбідегі бірлескен отырыста осы мәселе бойынша да біршама талқылаулар болуы тиіс", - деп атап өтті Мәжіліс депутаты. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары