$ 447.4  477.55  4.76

«Қолынан ештеңе келмейтін қауқарсыз үкіметті ұстауға еш негіз жоқ» - қоғам белсендісі

Үкімет түрлі күштерді жұмылдырып, жедел әрекет етудің орнына екі апта сылбыр қозғалды. Шөпті қарапайым тұрғындар жеткізіп жатыр. Азаматтар өз мәселелерін өздері шешіп алса, онда Үкіметтің не керегі бар. Ондай Үкіметті несіне ұстап отыр?

Маңғыстау мен Қызылорда облысын әбігерге салған қуаңшылық Атырауға да жеткені белгілі болды. Кейбір БАҚ құралдары қазіргі таңда Исатай ауданына қарасты бірнеше ауылда канал суы тартылып, жылқылар шөлден қырылып жатқанын айтып жатыр. 31 арнаның жазуынша, өңір шаруалары кең жазық даланың әр жерінде құлаған малдарының өлекселерін жинауға көшкен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Көптеген мамандар мұндай қуаңшылықтың еліміздің барлық өңірінде қайталануы мүмкін екенін айтып жатыр. Бір ғана Қызылорда облысы емес барлық барлық өңірде төтенша жағдай жариялау керек дейді мамандар. Сонымен қатар, бұл жерде бір ғана Ауыл шаруашылық министрінің орнынан алғанмен мәселе шешілмейді,  тұтас Үкіметті орнынан алу керек деген ұсыныстар да айтылып жатыр. Мәселен, қоғам белсендісі Асхат Қасенғали қолынан ештеңе келмейтін қауқарсыз үкіметті ұстауға еш негіз жоқ екенін айтқан. 

«Неге тек қана Ауыл шаруашылық министрі орнынан кетті, тұтас Үкіметті алып тастау керек еді. Қолынан айтарлықтай түк келмейді. Маминге өз потенциалын көрсетуге жеткілікті уақыт берілді ғой. 2019 жылдан бастап отыр. Осы Үкімет ел тарихындағы ең әлсіз, ең сылбыр үкімет-ау. 

2020-ның жазында вирустан қырылып жаттық. Оны "халық вирусқа сенбеді, карантинді ұстанбады" деп ақтап алғысы келетіндер бар. Солай болған күннің өзінде дәріханада дәрі жоқ, маска тапшы. Қарапайым маска жоқ. Халық вируспен бетпе-бет қалды. Халық тыныс алу балондарын бір-бірінен сұрап, шетелден өздері жеткізіп жатты. Бұл жағдай туралы тіпті Тоқаев Үкімет жиынында айтты. Сондай жағдайда жылдам әрекет етуі тиіс Үкімет тым баяу қозғалды. Ол баяу қимылдың салдары мыңдаған адамның өлімі болды. Ондай Үкіметті неге әлі ұстап отыр?

Вакцина мәселесіне келейік. Тағы да мәселелер көп. Алдымен отандық вакцина уақытынан кеш шықты. Басында Казковидин деп аталып, кейін КазВак болып әйтеуір шықты. Уақытынан кешікті. Халыққа таңдауға ДДСҰ мойындаған вакциналарды емес, ресейлік өнімді ұсынып жатыр. Әлі бірде бір бізде ДДСҰ мойындаған вакцина жоқ. Ондай вакцинаны жеткізуге тікелей Үкімет (денсаулық сақтау министрлігі) жауапты. Жеткізбеді. Күтіп отырмыз. Бүгін сол үшін президент сөгіп тастады. Мұндай Үкімет керек па?

Денсаулық сақтау министрлігі вакцина алудың қажеттілігін дұрыс түсіндіре алмауда. Халықтың ойын шынайы медициналық фактілер емес, уатсаптағы видеолар қалыптастыруда. "Вакцина алғаннан кейін де вирус жұғуы мүмкін, өйткені әр адамда иммунитет әрқилы қалыптасады. Жұққан күннің өзінде жеңіл өтеді" деген сынды видеолар жоқ. Қысқасы ақпараттық толқында министрлік толық жеңілді. Оның үстіне күзге дейін 10 млн вакцина алады деген. Үлгермейтін сияқты. Вакцинаны күшпен емес, саналы түрде алатындай ақпараттандыру шаралары жоқ. Оған тек қана денсаулық министрлігі емес, тұтас Үкімет жауапты ғой. Ондай Үкіметті несіне ұстап отыр?
Биыл қымбатшылық шарықтап кетті. Азық-түлік, жанармай. Қоймадағы азық-түлікті өзге елге сатып, өзіміз үш есе қымбат бағамен алдық. Досқа күлкі, дұшпанға таба болдық. Бұл тек қана ауыл шаруашылық министрінің кінәсі емес, тұтас Үкіметтің олқылығы. Бағаны ұстап тұра алмаған билік былтыр 30 млрд теңге тұрақтандыруға бөлсе, биыл 50 млрд бөлді. Демек қауқарсыз. Ондай Үкіметті несіне ұстап отыр?

Маңғыстау, Қызылордада қуаңшылық. Жұт. Мал қырылуда. Үкімет түрлі күштерді жұмылдырып, жедел әрекет етудің орнына екі апта сылбыр қозғалды. Шөпті қарапайым тұрғындар жеткізіп жатыр. Азаматтар өз мәселелерін өздері шешіп алса, онда Үкіметтің не керегі бар. Ондай Үкіметті несіне ұстап отыр?

Үкіметті тұтас ауыстыратын сәт келген жоқ па?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары