$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстан әлемнің қай банктеріне қарыз

ЭКСПО көрмесі өткен 2017 жылдан бастап қайта өскен. 163 млрд долларлық меже осы ЭКСПО көрмесін өткізген жылы қалыптасқан.
Фото: Baribar.kz
Фото: Baribar.kz

Қытай АҚШ-тың өзін қарызымен қорқытқысы келеді. Ұлттық банктің ресми статистикасына сүйенсек, 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 164 млрд 113 млн доллар болған, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Оның ішінде мемлекеттік басқару секторына 13 млрд 855 млн доллар, Ұлттық банкке 1 млрд 239 млн доллар, банктерге 4 млрд 968 млн доллар, басқа секторларға 42 млрд 22 млн доллар, тікелей инвестиция түріндегі фирмааралық берешектерге 100 млрд 688 млн доллар тиесілі.

Сондай-ақ еліміздің орталық банкі барлық соманың тек 60 млрд 237 млн долларын «таза сыртқы борыш» деп көрсеткен. Қалған 98 млрд 876,3 млн долларды «қаржы құралдарындағы сыртқы активтер» деп атаған. 2009 жылдың басында сыртқы қарыздың көлемі 107 млрд 933 млн доллар болған екен. Содан бастап 2015 жылға дейін жыл сайын адымдап өсіп, 157 млрд 114,5 млн долларға жеткен. 2016 жылы қарыз көлемі шамамен 3 млрд долларға азайғанымен, ЭКСПО көрмесі өткен 2017 жылдан бастап қайта өскен. 163 млрд долларлық меже осы ЭКСПО көрмесін өткізген жылы қалыптасқан.

2018 жылы қарыз көлемі тағы артып, 167 млрд 218 млн доллар болды. Ал 2019 жылы 159 млрд 796,6 млрд долларға, 2020 жылы 158 млрд 561,1 млн долларға түскен. 2021 жылдың бірінші қаңтарында сыртқы қарыз көлемі 163 млрд 360,5 млн болса, 4 айдан кейін 164 млрд 113 млн долларға жеткен. Салалар бойынша жіктесек, қарыздың 88,6 млрд доллары кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу ісіне алынған.

Алайда мұның 85,5 млрд доллары тікелей инвестиция түріндегі фирмааралық қарыз екенін ескеру керек. Кен өндірісіне тартылған қаражаттың 83,4 млрд доллары шикі мұнай мен табиғи газ  саласына тиесілі. Металл өндірісіне 3,6 млрд доллар тартылған. Өңдеу саласына тартылған 11,5 млрд доллардың  8,2 млрд доллары фирмааралық қарыз болса, 3,3 млрд долларына мемлекет кепілдік берген. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке бағытталған 14,3 млрд доллар қарыздың 4,1 млрд долларына да мемлекет кепілдік беріп отыр. Қалғаны – фирмааралық қарыз.

Мемлекеттік басқару және қорғаныс саласына берілген 14,5 млрд доллар түгел мемлекеттің мойнында. Қарыздар арасында «Бас компаниялар қызметі, басқару мәселелері бойынша кеңестер беру» деген ерекше пункт бар. Бұл пункт бойынша 9,4 млрд доллар қарыз қалыптасқан. Оның 829,5 млн долларға тағы да мемлекет кепілдік берген.           Ұлттық банктің дерегі бойынша мемлекеттің ішкі және сыртқы қарыздарының жалпы жиынтығы 54 млрд 224 млн долларға жеткен. Оның ішінде Үкіметтің сыртқы қарызы – 16 млрд 942 млн доллар. Бұл қарыздар негізінен Халықаралық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған.

Сондай-ақ, Сауд Арабаиясы, БАӘ, Қытай, Германия банктерінен қарыз алған. Еурооблигацияларда да Қазақстан Үкіметінің қарызы жатыр. Аталған ұйымдарға Үкіметтің қанша қарыз екенін төмендегі кестеден көруге болады. Бұл кестеде Ұлттық банктің сыртқы қарызы жоқ екені айтылған. Елдің сыртқы қарызы туралы айтылғанда көбінесе оның жалпы ішкі өнімге қатынасын айтып жатады.

Ұлттық банк те, Қаржы министрлігі де мемлекеттің жауапкершілігімен алынған қарыздардың шекті мөлшерден аспағанын үнемі айтып келеді. Бірақ кейбір сарапшылар квазимемлекеттік компаниялардың қарызы да Қазақстанның мойнында деген пікір айтады. Бұған уәж ретінде кезінде «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темір Жолы» сияқты ұлттық компаниялар борышын жаба алмай қалған кезде мемлекет көмекке келіп, сол сәтте ешкімге керексіз болып тұрған акцияларын сатып алғанын алға тартады.

Сыртқы қарыз мәселесі сөз болғанда кейбіреулер мемлекеттік борышты елдегі әрбір тұрғынға шағып есептеп жатады. Енді біреулер барлық борыштар көлемі жалпы ішкі өнімінен асып түсетін АҚШ-ты жиі мысалға келтіреді. Жапонияда сыртқы қарыздың үлесі жалпы ішкі өнімнің 266 пайызына жеткен. Сөйте тұрып, «Күншығыс елі» пандемиялық дағдарыс кезінде де ең шығынды шара болып саналатын Жазғы Олимпиада ойындарын өткізіп жатыр. Сыртқы қарызының жалпы ішкі өнімге қатынасы Жапониямен шамалас елдердің арасында Судан да (ЖІӨ-259 пайыз) бар. Ал сыртқы қарызы жалпы ішкі өнімнің 20 пайызына да жетпейтін мемлекеттердің алдыңғы тобында Кувейт, Кайман аралдары, Ресей, Эстония сияқты елдермен бірге Ауғанстан, Конго, Косово, Свазиленд, Палестина  тұр.  Демек, сыртқы қарыздың жалпы ішкі өнімге қатынасы нақты өлшем бола алмайды.

Сыртқы қарыздар картасындағы мұндай шым-шытырық көріністі мамандар алынған қарыздың сапасымен, оны игілікке игерудің көрсеткішімен байланыстырады. Қарызы басынан асатын, сонымен бірге экономикасы шатқаяқтап тұрған мемлекеттердің көбі борышты халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, экономиканың дамуына әсері аз имидждік шараларға алатын көрінеді. Ал Жапония, Сингапур, Италия, Канада, Франция, Бельгия сияқты алпауыт қарыз иелері ол қаражаттың бәрін елдің келешегін айқындайтын жобаларға тартады. Мұндай жобалардың құны арзан болмайтыны түсінікті. Сондықтан сыртқы қарызы да ауқымды. Мұндағы тағы бір маңызды мәселе – алынған қарыз өздігінен қайтатындай етіп, талан-таражға түсірмей игеру. Қазақстан халқының сыртқы қарыз мәселесін барынша ауыр қабылдайтыны осы проблемамен байланысты болса керек. Бір ғана «Астана LRT» жеңіл рельсті трамвай жобасының «жемқорлық ескерткіші» болып елорданың сәнін кетіріп тұрғаны ғана көп іске мысал. Пандемия басталғаннан бері Қытай мен АҚШ арасындағы шиеленіс ширыққанын бүкіл әлем көріп отыр.

Кезектескен айыптаулардан кейін Қытай билігі АҚШ-тың Пекин алдындағы борышын сатуға шығаратынын айтып доқ көрсетті. Ал АҚШ тарапы COVID-19 індетін таратқан ел ретінде Қытай індеттен АҚШ экономикасына келген шығынды өтеуі керек деген мәлімдеме жасады. Соның өтеу ретінде Қытай алдындағы қарызды қайтарудан бас тарта алатынын меңзеді.

Бұл оқиға Қытай алдында берешегі бар елдердің бәрін ойландырып отыр. Іс насырға шапқан кезде Қытай берген борышын көзір қылып пайдаланатынын тағы бір рет көрсетті. Қарыз сапасы деген осындай тәуекелдерді ескерумен тығыс байланысты болса керек. Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік борыштың артып келе жатқанына алаңдайтынын көрсетті. Бірақ одан шығатын жол аталған отырыста да, одан кейін де айтылған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары