$ 499.51  525.83  4.62

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова V Баку халықаралық гуманитарлық форумына қатысты

Іс-шараға әлемнің 100-ден астам елінің мемлекеттік құрылымдарының өкілдері, Нобель сыйлығының лауреаттары, белгілі ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, сарапшылар қоғамдастығы өкілдері қатысты.

Форумның ашылу салтанатында Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиев, сондай-ақ БҰҰ, ЮНЕСКО және ИСЕСКО өкілдері құттықтау сөз сөйледі.

Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген Г.Әбдіқалықова

«V Баку халықаралық гуманитарлық форумы – қоғамның қай бағытта дамып жатқанына түсініктеме беретін әлемдік ауқымдағы шара» деп атап өтті. Мұнда ХХI ғасырдың жаһандық сын-қатерлеріне жауап іздестіріледі.

Г.Әбдіқалықова қазіргі заманның басты проблемасы халықтар арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің жоқтығы екенін айтты. Ол форумға қатысушылар назарын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік апаттардың алдын алуға арналған негізгі қағидаттарды қамтыған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесіне аударды.

Баку форумы аясында ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрағасы О.Асадовпен кездесті. Онда Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасы дамуының жоғары қарқыны атап өтілді. Г.Әбдіқалықова ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әзербайжанға биылғы ресми сапары екіжақты қарым-қатынастар саласындағы маңызды оқиға болатынын айтты. Мемлекеттік хатшы Қазақстанның бастамаларына қолдау көрсетіп, сондай-ақ  Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындыққа арналған іс-шараларға белсене қатысып отырғаны үшін Әзербайжан тарапына шынайы ризашылығын білдірді.

Сол күні ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Әзербайжан Республикасының бірінші ханымы, Гейдар Әлиев қорының президенті Мехрибан Әлиевамен кездесті. Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Бакуге 2005 жылғы мамыр айындағы ресми сапарының қорытындысы бойынша қол қойылған Стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастар туралы келісімге сәйкес дамып келе жатқанын атап көрсетті.

Сонымен қатар, Бакуге сапар аясында «Қазақстан-Әзербайжан» достық қоғамының, бизнес өкілдерінің, отандастардың ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықовамен Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған кездесуі жоспарланған. Бұдан бөлек, форум аясында ол Әзербайжанның ресми тұлғалары мен іскер топтары өкілдерімен де бірқатар кездесу өткізеді.

Жалпы, форум аясында мультикультурализмді дамыту, адамдардың жаппай қоныс ауыстыруы жағдайында адами капиталды сақтап қалу, орнықты даму мәселелерін қамтитын алқалы жиындар ұйымдастырылатын болады.

Іс-шара қорытындысы бойынша V Баку халықаралық гуманитарлық форумының декларациясы қабылданады деп жоспарлануда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары