$ 494.87  520.65  4.91

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кінәлілерді анықтаңдар»

Мемлекет басшысы Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізіп, кінәлілерді анықтауды тапсырды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізіп, кінәлілерді анықтауды тапсырды, деп хабарлайды ЭК.

"Біріншіден, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз. Екіншіден, қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын", — деді Мемлекет басшысы.

Ол үшіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды тапсырды.

Сондай-ақ Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуді қамтамасыз етуді, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға оқиға туралы жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

Жиында, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев және Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов баяндама жасады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары