Ақтөбе қаласы әкімінің экс орынбасары Жангелді Әубәкіров және экс қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов мен олардың үш сыбайласына байланысты іс қайта қаралды. Сотталушылар 2019 жылы шаһарды жаңа жылдық безендіруге бөлінген ақшаны қалтасына басты деп айыпталған болатын, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес әкімнің орынбасары сыбайласы жұмыс істейтін серіктестікпен келісімге келген. Көрсетілмеген қызмет үшін компанияға бюджет қаржысы кезең-кезеңмен түсіп, оны қолма қол ақшаға айналдырып отырған. Тергеу нәтижесінде Әубәкіровтің жымқырған қаржыға қымбат көлік алып, оны өзге бір фирманың атына тіркегені белгілі болды.
2019 жылы қараша айында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ж.Әбубәкіров және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досовқа өзі таңдап алған "КДС-Астана" ЖШС-мен қаланы жаңа жылдық безендіруге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасауға және орындалған жұмыс актісіне қол қоюға нұсқау берген.
Досов заңсыз нұсқауларды орындап, серіктестік шотына 100 млн теңге аударған.
"КДС-Астана" ЖШС басшысы С.Жанасбаев пен бас бухгалтері Д.Дүйсемби өз тарапынан Досовқа шартқа және орындалған жұмыстар актісіне қол қоюға жәрдемдескен.
Қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында С.Жанасбаев "Мустафин Н.К" жеке кәсіпкерімен бірге қаланы безендіру үшін тауар жеткізуге шарт жасап, 60 млн теңге аударған.
Тауар жеткізілмеген. Қылмыс салдарынан мемлекетке 90 426 475 теңге залал келген.
Заңның айтылған талаптарын негізге ала отырып, келген зиянның өтелмегенін ескеріп, сот Досов пен Әбубәкіровті 7 жылға, Жанасбаев пен Мұстафинді 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дүйсембиге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның жас баласы болуына байланысты жазасын өтеуді 5 жылға кейінге қалдырған.
Жақында облыстық сот алқасы жеңілдететін жағдайларды ескере отырып, олардың кінәларын мойындауы, әрқайсысының жас балаларының болуы, дұрыс тәртібі мен бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ескере отырып, қалалық әкімдік шенеуніктерін 4 жылға бас бостандығын шектеуге, олардың серіктестерін 3 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарыпты.