ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында ғылымға қолдау көрсету туралы тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ғылымды дамыту бізджің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдерді табу үшін үшін жыл соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін тапсырдым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің әрі қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек», - деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Президенттің айтуынша, келесі мәселе – грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық.
«Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн. Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің әділдігі туралы мәселе де күн тәртібінен түспей тұр. Осыған орай, аппеляция институтын енгізу қажет деп санаймын. Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласы алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз», - деді Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын ұлттық жүйе құрылуға тиіс екенін айтты.
«Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын ұлттық жүйе құрылуға тиіс. Бұл іс-шара тиісті заң жобаында қарастырылған. Парламенттен осы заң жобасын қазіргі сессияның соңына дейін қабылдауды сұраймын. Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. Денсаулық ұлт жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралмен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады», - деді Мемлекет басшысы.