Келер жылы елімізде ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде ең аз жалақы көлемі 2018 жылдан көтерілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс қазақстандықтардың табысына салдарын тигізді. Оның үстіне ең төменді жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД-ның біраз елдерінен артта келеді. Осы орайда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдаймын. Аталған бастама 1 млн-нан астам қазақстандықты қамтиды. Бұл өз кезегінде көлеңкелі жалақы мәселесін жойып, ел экономикасына оңтайлы әсерін тигізеді. Және сарапшылардың пікірінше бұл ЖІӨ-ді 1,5 есе артуына ықпал етеді», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау барысында.
Ол сонымен қатар, 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсетінін айтты.
«2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», - деді Мемлекет басшысы.